Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  51


Автор: Серікбай Оспанов

Қасым десең, от аласың, өсесің де...

Қасым десең,  от аласың, өсесің де,


Ғашық болдым өлеңге,


Осы есімге!


Оның болған жері де арман маған,


Жүрмін бүгін Симеиз көшесінде.


 


Сен жүрген жер тап келді –


Таланым ба?!


Пайда болды тамшы жас жанарымда.


Айналаға армандап көз жүгіртем,


Сен де осылай құмартып қарадың ба?!


 


Жағалауға ақ толқын ойнап барып,


Кері тағы қайтады ойнақ салып.


Тасқа шығып тұрам да, көңілденем,


Ол да осылай тұрды-ау деп ойлап қалып...


 


Қиял кезсе теңіздің төрін бүгін,


Қара бұлтқа аспанда шомылды Күн.


Жыр ағылып барады көмейінен,


Бәлкім осы отырған орындығың?


 


Теңіз жатыр тұңғиық...


Арман ба екен?


Су кермек...


Көз жас көп тамған ба екен?


Шуылдайды, тынбайды


Жақсы жырға


Мәңгі ырза боп қол соғып қалған ба екен?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу