Өлеңдер ✍️

  04.07.2023
  38


Автор: Серікбай Оспанов

Көз

Қуаныш па бұл, қайғы ма әлде, жоқ, мұң ба?


Жарқылдап жалын,


Жатыр ғой жанып от мұнда.


Өңменімнен де өтіп барады, өткірі-ай,


Айналайын-ау, келсеңші бері деп тұр ма?


 


Тұңғиық неткен, кетпейін батып, малтимын,


Теңіз бе десем от болып кетті-ау, балқимын.


Көңілдің қошы, өмірдің мәні осы ма,


Осы ма әлде тұнығы тылсым бар күйдің?


 


Білмеймін мұнда жыр бар ма, мөлдір ән бар ма,


Ой салып кетті бұйығып жүрген жандарға.


Сыйып кетіпті  аясына  Жер, Көк – дүние


Айтады ол сырын ұғынып оқи алғанға.


 


Қап-қара неткен, мөп-мөлдір неткен, тұп-тұнық,


Кеудеме сыймай жүрегім кетті-ау бұлқынып.


Арбайды мені,


Жалғайды мені арманмен,


Кіршіксіз әлем кірбіңсіз маған тұр күліп.


 


Барамын батып құтқарар бүгін кім мені,


Айта алмай қалдым,


Ойымды ешкім білмеді.


Теңіздің түпсіз бетінде кете бардым бір


Аспандағы алтын Айдай боп жүзген түндегі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу