Өлеңдер ✍️

  03.07.2023
  69


Автор: Серікбай Оспанов

Қырық бесінші жылы туғандар

«Қабырғасын күйреттім қатердің», – деп.


Мақтанушы ем, «Жеңісті әкелдім!» – деп.


– Жеңіс жылы қалайша туғансың сен? –


Деп сұрады бәз біреу: – Әкең кім?! – деп.


 


Жиі аламын осы бір күдікті еске,


Ойланбас па,


Ойын сәл ірікпес пе?!


Мүгедек боп әкесі оралғандар –


Туғандардың көбісі қырық бесте!


 


Жеңіс келді шадыман-шаттық алып,


Есіктерін әр үйдің қақты барып.


Біз келгенде өмірге


Ел қуанып,


Жауымыздың ордасы жатты жанып!


 


Еркін  самғап қанатын қақты кептер,


Қайта көктеп өртенген жатты бөктер.


Дүниеге келгендер қырық бесте –


Аманаттар!


Армандар!


Ақ тілектер!


 


Жеңе білген жауларын кіл егесте,


Өшпейді аты Ерлердің,


Жүреді есте!


Дүниеге келгендер қырық бесте –


Қайта шыққан ертеңге гүл емес пе?


 


Өмірге кеп,


Ілестік күліп көшке,


Алдық жиі алапат бүлікті еске...


Көтерілген Рейхстаг төбесіне


Жалаулар ғой туғандар қырық бесте!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу