Өлеңдер ✍️

  02.07.2023
  30


Автор: Серікбай Оспанов

Қуырады даланы...

Қуырады даланы


Шұғылалы отты аспан.


Тимей тірлік табаны,


Қара жолды шөп басқан.


 


Серпілмей-ақ келеді


Мені де бір басқан мұң.


Қыран қанат кереді,


Жүрегі ме аспанның?!


 


Ой мен қыры гүл еді,


Шоққа айналған секілді.


Жұмыр жердің жүрегі


Соқпай қалған секілді.


 


Қамшы бастым, тебініп,


Арғымағым атылды.


Жер айналып, жел ұрып,


Қыса түстім тақымды.


 


Ойнағандай жолда нұр,


Дөңгеленді тілсіз көк.


Жер жүрегі сонда бір


Кетті дейсің дүрсілдеп.


 


Жаным қайта түледі,


Буырқандым, бұрқандым.


...Жұмыр жердің жүрегі –


Тұяғы екен тұлпардың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу