Өлеңдер ✍️

  26.06.2023
  91


Автор: Серікбай Оспанов

Жансыз қала

Тұғырларда тұр тұлға да, сұлба да,


Ойлантады, батырады мұңға да.


Қара тасқа тіл бітіріп көрген көз,


Үнсіз-түнсіз сыр шертеді бұл қала.


 


Шым-шытырық көшелері, аты жоқ,


Тасты қала, қалпы өзгеше, халқы көп.


Тас мүсіндер бірін-бірі жақтырмай,


Қарамайды көздерімен атып оқ.


 


Нұр төксе де қалаға бұл Күн күліп,


Жүгірмедік көшесінде,


Ілбідік.


Ағашқа сап тағы да адам ап келдік,


Екі бетті аққан жасқа тілдіріп.


 


Қарсы алмады,


Жар салмады ешкім де,


Бізде де енді қалмағандай ес мүлде.


Қап-қара жол үстіменен


Қаптаған


Қап-қара кіл келеді екен көш күнде.


 


Қара тастар – қамалдардай қамаған,


Мүсін болып қимай саған қараған –


Қашалған сол қара таста тұр әкең,


Қара таста – ақ жаулықты ақ анаң.


 


Айналғандай қара тасқа бар адам,


Тұр заманнан,


Келіп жатыр жаңадан.


Ың-шыңы жоқ қалаға ұрыс-керіссіз,


У-шуы көп ірі, тірі қаладан.


 


Бұл қалада өткіземін  кей күнді,


Мұнда ойналар болғанымен күй мұңды,


Ақ анамның, әкешімнің осынау


Суреті бар қара тастар мейірімді!


 


Жүргендік пе жыл бойына бір бармай,


Анашымның көзіне мұң тұнғандай.


«Жалғызым-ау, жарығым-ау, сағындым,


Неге жиі келмейсің?» – деп тұрғандай.


 


Бейтаныс бар, таныс та бар – жас, кәрі...


Бірі мүсін, бірі сурет тастағы.


Тірліктегі тас жүректер секілді


Жабырқау ма, жанарлары от шашпады.


 


Сөйлемейді...


Сен сөйлейсің орнына,


Білсе, шіркін, көңілімді ол мына!


Тірілтті-ай кеп жанға жақын жандарды


Тамаққа өксік, жанарға жас толды да.


 


Еңсені езді, қайдан жеңіл болсын мұң,


Өрт боп жанған өз-өзімнен шошындым.


Бірде анамның, бірде әкемнің, ал бірде


Жүрегі боп соқты жүрек досымның!


 


Барлық таныс тастарменен сөйлестім,


Солар болып опындым да, ой кештім.


Жылата алмай жүруші еді кейбіреу,


Жұбата алмай дәл сол күні қойды ешкім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу