Өлеңдер ✍️

  26.06.2023
  34


Автор: Серікбай Оспанов

Аспандағы жалғыз көз жерге емініп...

Аспандағы жалғыз көз жерге емініп,


Алтын найза өзенде сеңге кіріп,


Күнгейдегі қар жалы арса-арса,


Күн кеміріп,


Тастапты жел кеміріп.


 


Сонау жақтан жалаңаш көл көрініп,


Қардың суы сол көлге енді өріліп.


Танауыңды қытықтап, тиіп-қашып,


Жұпар иіс шауып жүр желге мініп.


 


Қора кезіп, көз сүзіп «бауырмалы»,


Алысқа ұзай бастады ауыл малы.


Наурыз тойын қарсы алдық бір үй болып,


Адамдардай алғашқы қауымдағы.


 


Сұлап түсті көктемнен қыс жеңіліп,


Бара жатыр ұлғайып кішкене үміт.


Тіске кіріп қыс бойы мазалаған,


Сүр ет енді мазалар түске кіріп.


 


Қарайыпты, жан-жаққа қарап едім,


Қыр арқасы мына бел, ана белдің.


Қарагердің бәйгеден келгеніндей,


Қара терге түскені-ай қара жердің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу