Өлеңдер ✍️

  26.06.2023
  33


Автор: Серікбай Оспанов

Қазылып маған көр күнде...

Қазылып маған көр күнде,


Найза ұшына да іліндім.


Ездікті көріп өлдім де,


Елдікті көріп тірілдім.


 


Жан емес едім бірақ мен


Опасызға да ор қазған.


Бірге ақтым мөлдір бұлақпен,


Тағдырым таза жол жазған.


 


Жарылып айтам ағымнан:


Адалдықтарым ақтады.


Таймасам Адам тағынан –


Сабырлылығым сақтады.


 


Қиянаттары қинапты,


Өсек те өткір біз еді...


Сыбағандары  ширатты,


Сынағандары түзеді.


 


Сондықтан маған жауығып


Жүргенге де айтам кейде алғыс.


Ауырып, кейін сауығып,


Ширығып бойға жиғам күш.


 


Тіршілік деген жолда әлі


Аз емес жандар қатыгез.


Қызғанбаса енді болғаны


Жерімді де алар жарты кез!


 


Пенде көп сөзбен сабаған,


Кез келді талай ұстасар.


Алайда, тірлікте әр адам


Өзіне лайық іс жасар...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу