Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  66


Автор: Серікбай Оспанов

Тойтөбе

Той!


Мереке!


Тоғызыншы Май бүгін,


Қанаты бір қайрылған күн қайғының!


Тарттырған күн тажалдардың сазайын,


Арттырған күн туған елдің айбынын!


 


Шыңға,


                   Жырға,


                       Айналған тек әнге аты,


Мерекенің құшағында – Алматы!


Тұр, әнеки, гүл құшақтап бөбектер,


Отты күннің тұр балдақты солдаты!


 


Іштей ән сап,


Іштей бір жыр толғаймын,


Тұрса деймін дүниеде болмай мұң.


Мен алаңда қолтықтасып бақытпен,


Тойтөбесін еске ап келем Торғайдың!


 


Қанат беріп әнге, сөзге, жырға да,


Гүл құшақтап тұр Алматы, тұр дала!


– Жеңіс! Жеңіс! – деп айқайлап құйғытқан


Қиялымда келе жатыр бір бала.


 


– Қайда жүрсің, айналайын, құлыным?! –


Деген Торғай, жетіп маған тұр үнің.


Арнасындай қуаныштың – Алаңда,


Жалғасындай келем Нұрхан жырының.


 


Жайнай түскен бар табиғат – құдірет,


Алатаудан соғады асқақ бүгін леп.


Қабылдаймын саңқ-саңқ еткен қырандай


Диктор үнін Бауыржанның үні деп.


 


Сырбай, Ғафу, Шәміл ақын жырлаған,


Жеңістердің куәгері бұл далам!


Тойтөбе бұл елдің Туын көтеріп,


Әлібидің өр дауысын тыңдаған!


 


Әкелердің арқасы ғой мынау Бақ,


Ей, қасірет, елімізден жүр аулақ!


Тойтөбеде ат дүбірі оятып,


Аманкелді түсті ме екен бір аунап?!


 


Қиял-құсым қалықтайды, қонбайды,


Өткенді еске ап,


Болашақты болжайды.


Адымдаймын


Жалындаймын Алаңда,


Тойтөбені, толғап Тосын, Торғайды.


 


Өтіп жатыр сансыз адам шұбаған,


Тұр атамыз,


Тұр әкеміз,


Тұр анам.


Той көбейсін,


Тойтөбелер көбейсін,


Алматының Тойтөбесі – мына Алаң!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу