Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  48


Автор: Серікбай Оспанов

Заман-ай

Кеш қарайса үйге жету бір арман,


Жетілетін туар ма екен күн алдан?!


Аялдама.


Айнұр құйттай ұлымен


Көлік күтіп, болып тұрды жыларман.


 


Машиналар ағылады, көп қалай,


Мына бірі есірік пе, соқпағай?!..


Үміттеніп қол көтерді қаншама,


Бәрі зулап өтіп жатыр тоқтамай.


 


Қараңғылық қоюланып барады,


Жан-жағына ол үрейлене қарады.


Ала кетсе береді ғой ақысын,


Ең болмаса аяса етті баланы.


 


Барамыз ба мейірімсіз боп тағы,


Бір автобус өтіп барып тоқтады.


Жүз метрлік қашықтыққа жарыс бұл,


Жете қалсаң басталады көкпары.


 


Мұндайда тек жүйріктік пен күш керек,


Қолда бала, жағаласып не істемек?!


Қарап қалды жүгіргендер соңынан


Қайта-қайта ернін Айнұр тістелеп.


 


Аямады Ана тұр деп балалы,


Бірі мұны қағып өтіп барады.


Жас жігіттер жанын салып, жанығып,


Қалың топты жарып өтіп барады.


 


Әуперімдеп қалды әйтеуір құламай,


Бөпесі де тыныш әзір жыламай...


Байқамады, көтерді ме қолын бұл,


Тоқтай қалды машиналы бір ағай.


 


– Отырыңыз...


Инабатты жан қандай?!


–  Қай көшеге?..


Болды-ау бағы жанғандай.


– Апарамыз, – деген кезде Айнұрдың


Денесі де сәл жеңілдеп қалғандай...


 


Пыс-пыс етіп ұйықтап жатыр баласы,


Әй, сәби-ай,  түк сезбейді, қарашы.


–Түсің жылы жан екенсің, қарағым,


Нағып жүрсің?


Сөз бастады ағасы.


 


– Жолаушылап кетіп еді жанжарым,


Бақшасына ұлымды ала барғамын..


Тоқтадыңыз, рақмет Сізге, аға,


Көлік күтіп ұзақ тұрып қалғаным.


 


– «Құрғақ қасық ауыз жыртар»,


                                   шырағым,


Өзің, қалқа, бір көргеннен ұнадың.


Ауылына кетіп еді жеңгең де,


Бұрылайық, алыс емес тұрағым...


 


«Мына кісі не деп кетті, не дейді,


Оңбаған ғой, кімге мені теңейді?!


Арам ойлы, қара ниет екен-ау,


Деп отырсам жебеп елді желейді...»


 


– Тоқтатыңыз, онда түсіп қалайын,


– Айналайын, қалауыңды табайын...


– Тым ұятсыз, арсыз кісі екенсіз!


– Көргем, шырақ сендей қыздың


                                                           талайын!


 


Қақпаныма түстің мұны біл енді!


Мінезің бар, қыз екенсің іреңді...


Ашу қысып, өлерін де ойламай,


Айнұр кенет есікті ашып жіберді.


 


Кей-кей кезде көрінгенмен боп тәтті,


Өмір жолы неткен азап, соқпақты...


– Секіремін!


Шықты қыздың жан даусы,


Амалсыздан көлігін ез тоқтатты.


 


Айналаны қараңғылық қамаған,


Жақын маңда көрінбейді жан адам.


Қарсы алдынан шабаланды ит үріп,


Жүгірді Айнұр итке қарай қабаған.


 


Сақта құдай, алаңғасар арамнан,


Сақта құдай, жамандардан, жалаңнан!


Арын қорғап қалу үшін жан қиып,


Итке қашып тығылды Айнұр адамнан.


 


Аз-ақ күндік адам өмір қонағы,


Бұл жалғанда өлмейтін жан жоқ әлі!


Ит балтырдан тартқан кезде арсылдап,


Ұлын құшып көтерді Айнұр жоғары.


 


Жас арудың сол пендеге обалы,


Есіне алса көзі жасқа толады.


Сәбиін ол көтергенде биікке,


Ары одан да тұрған еді жоғары...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу