Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  71


Автор: Серікбай Оспанов

Наурызға тілек

Сайтан билеп сананы,


Шындық іште тұншығып,


Жасқа толып жанары,


Булығыпты тіршілік.


Ер көктетті даланы,


Ез жасапты құлшылық.


 


Нала,


Жала ту алып,


Шың басына шығыпты.


Салт-дәстүрім қуарып,


Ардың сағы сыныпты.


Әдет-ғұрпым суалып,


Ез салтанат құрыпты!


 


Әнге салып ағатын


Ақ бұлақтар тыныпты.


Қыран құстар қанатын


Тау мен тасқа ұрыпты.


Бәйгелерде шабатын


Ат аяғы сыныпты.


Қаптап жерді қара түн,


Күн


Батыстан шығыпты.


 


Сол күн күнде тұтылып,


Жерді тұман жайлапты.


Жарыста бұлбұл ұтылып


Құзғын қарға сайрапты.


Зұлымдық шіркін жұтынып,


Сатқындық көзі жайнапты.


Қорқау қасқыр құтырып,


Азу тісін қайрапты.


Жемек бопты тілімді,


Билеп барлық өлкені...


Сәбиге бұл бүгінгі


Қорқынышты ертегі...


 


Сенгіш елім, сенімін,


Жоғалтпай бір келіпті.


Ар-ожданын – серігін


Тоналтпай бір келіпті.


Науырзым-ау, көрші анау


Гүлдеп тұрған өрікті...


Шешек атқан алманы,


Көрші, жаным, көрші бір,


Адамзаттың арманы


Бір-бірімен көрші жүр.


 


Бүгін наурыз тойында


Ойға оралды өткен бір.


Көшелердің бойында


Гүл көтеріп көктем жүр.


Жаңа жыл боп қойынға


Кірмеп еді көптен бұл.


 


Мағынасы жоғалған


Мақалым да тірілді.


Жүруші еді боп арман,


Шәкәрім де тірілді.


Уақыт сәл доғарған,


Ардақтады ел тілімді...


 


Қарашы оң мен солыңа,


Жайраң қақты жан-жағым.


Өлеңін ап қолына,


Қайта тұрды Мағжаным.


Елдің Ахаң атама


Махаббатын жалғадым.


Оралды, елім, ортаңа


Міржақыптай ардағың!


 


Тимес енді жерге өкшем,


Ей, наурызым – жаңа күн!


Ескі жараны емдеп сен,


Жыртығымды жамадың.


Бақытым деп елге өскен


Басқа көзбен қарадым.


 


Сергіт, серпілт сенімді,


Аспандатшы Арымды.


Еңселендір Елімді,


Лаулат қайта жалынды.


Аямаспын терімді,


Аямаспын жанымды!


 


Көкте Күнім күліпті,


Көктем көгін ап келді.


Күл талқан қып күдікті,


Шындық таңы атты енді.


Түлетіп сен Үмітті,


Баста, наурыз, баққа елді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу