Өлеңдер ✍️

  25.06.2023
  76


Автор: Серікбай Оспанов

Қартайғанда

Үмітті ойдан күдікті ой басым бүгін,


Асылдығың,


Болды ма тасырлығың?


Тасырлығың өкінтіп жасыр бүгін,


Жүргендей-ақ арқалап ғасыр жүгін.


 


Күдер үзіп кешегі арманыңнан,


Көбейеді жанашыр жанға кінәң.


Шаршағанда демейтін, сүйенетін


Табылмайды артығы балдағыңнан.


 


Жиі түсіп есіңе бар ма күнәң,


Қаумалайды сансыз ой жан-жағыңнан.


Еткен ісің мазалар жастық шақта,


Құтылмасың ажалдың қармағынан.


 


Есіңе алып қираған қорғаныңды,


Қайта-қайта ұмытып қолдағыңды,


Лауазымды қызмет атқарсаңыз,


Жиі айтасыз кеше кім болғаныңды.


 


Қапы қалдың,


Қай ісің оңғарылды?


Жүріп өткен кезесің жолдарыңды.


Кімге тастап барасың?


Толғантады


Бала-шаға, үй-ішің орманыңды?!


 


Кінә тағып шыққан күн, таңға да атқан,


Кесір болып кешегі жанға жаққан.


Өзіңді-өзің түнімен соттап, ақтап,


Жылы орынды іздейсің ана жақтан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу