Өлеңдер ✍️

  24.06.2023
  71


Автор: Серікбай Оспанов

Қыз қуу

- Әп!- дедік қысып тақымды,


Орнынан аттар атылды.


Жалт ете қалған қыз көзі


Оятты махаббатымды.


 


Елемей қырды, тақырды,


Елемей алыс-жақынды,


Арғымақ алға зулайды,


Жүрегім неге алқынды?!


Жүрегім неге тулайды?!


 


Қарашы мына қу қызды-ай,


Құйылады аққан жұлдыздай.


Қоймаспын жетпей қалай да,


Қоймаспын мойнын бұрғызбай


Қыздарға талай кетіп ем


Арқама қамшы ұрғызбай.


 


Қоймаспын сүймей бетінен,


Таймаспын бұл бір сертімнен.


Желіктіреді желбіреп


Желбіршек көйлек жел түрген.


Ашылып аппақ балтыры,


Айырып мені еркімнен.


 


Барады құлаш жайдырып,


Ағады жұлдыз-сәйгүлік.


Мойынын бұрды мен жаққа,


Қарады ару қайрылып.


 


Қарады, сұлу!


Қарады!


Қараған отты жанары


Жап-жарық етіп жанымды,


Жап-жарық етті даланы.


 


Сол жарық түртіп бүйірімді,


Балқытып, денемді идірді.


Жанары қыздың құшақтап,


Қабағы қыздың сүйдірді.


 


Атым да сезіп қалғандай,


Шабысы қарқын алғандай.


Құлдилай түсті қырандай,


Кеудемнен ұшқан армандай.


Түлкіні қуған құмайдай,


Ертегідегі құландай.


 


Оранды денем жалынға,


Шығардай шыбын-жаным да,


Тап болды мәре сызығы


Қызға енді жеткен шағымда!


 


Дауысы күміс сыңғырлы


Қызарып беті, қыз күлді.


Атынан құшып түсіріп,


Қолға алдым қос тізгінді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу