Өлеңдер ✍️

  07.06.2023
  246


Автор: Серікбай Оспанов

Ең жақын ардақты , өлең ағайыным...

Ең жақын ардақты , өлең ағайыным,


Таң болсаң, шашылатын арайыңмын.


Қағатын есігімді күні-түні


Қонағы сен көкірек сарайымның.


 


Қалғансың жүрегімде,


Жусаң кетпес,


Қасыңнан көлеңкеңмін қусаң кетпес.


Сен егер туған жерде жусан болсаң,


Мен бір түп өсімдікпін жусан тектес.


 


Жол болсаң екі аяқты,


Сыңарыңмын!


Көл болсаң,


Қоршап тұрар құрағымын!


Гүл болсаң,


Самалыңмын аймалайтын,


Тау болсаң,


Басындағы мұнарымын!


 


Мөп-мөлдір бұлақ болсаң,


Арнаң менмін!


Арман ғой,


Оны мәңгі арман дермін!


Жүрегім жапырақтай қалтырайды,


Лебімен өзің әрбір алған демнің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу