Өлеңдер ✍️

  06.06.2023
  58


Автор: Серікбай Оспанов

Түсіме ендің...

Түсіме ендің:


– Болды – дейсің – не саған?!


Мұңға айналды мен салатын кешегі ән.


Кереметтер жасаймын деп ойлаушы ем,


Кем-кетігім көп боп кетті, кеш, анам!


 


– Жалғызым-ау, неге сынық жанарың,


Жүр ме батып әлдеқандай нала-мұң?


– Өкініш пен өтіріктер қаумалап,


Өзім де, апа, кейде ілесіп қаламын.


 


Бәрінен де бататыны сол маған,


Болған екен деп ойлама оңбаған.


Өзіме өзім ұрсам, апа, сен болып,


Өзімді өзім әлі-ақ, апа, қолға алам.


 


Көргенім жоқ әзір жаман атақ ап,


Біреулердің жөнсіз ісі батады-ақ!


Өмір кейде жұдырықтап жүр мені,


Сенен, апа, жемеп едім шапалақ.


 


Рас, рас, жаным жүдеу,  жүдеумін,


Бәрі бола бермейді екен тілеудің.


«Қол ұшыңды бер, – деуші ең ғой, – кімге де»,


Қайғысы да батады, апа, біреудің!


 


Өтсем деп ем сөз-жібектен жыр есіп,


Жатса деп ем ізіме тек гүл өсіп.


Кейде жолым болмай қалып жүр, апа,


Жалғандықпен, жауыздықпен күресіп.


 


Өсіп пе едім болып сірә мен ерке,


Ағалықты сезіп келем енді ерте.


Қас-қабақты аңдитын жан азайды,


Әкем кетті...


Кеттің әрі сен де ерте.


 


– Әй, балам-ай, балалығың қалмапты-ау,


Бөсіп кетпе естігенге сәл мақтау.


Өмірде, ұлым, жақсы-жаман аралас,


Таразыңа салып, керек салмақтау.


 


Заман түзу. Айналайын бар бағың,


Кешегіңнен керемет қой алдағың.


Босқа өкінбе алдады деп біреулер,


Алдамасын ардағың мен арманың!


 


Қайта тұрып кетеді ғой құлаған,


Жас жігітке жараспайды жылаған.


Жүз досың кеп қолтығыңнан демейді,


Аяғыңнан шалғанымен бір надан.


 


Адам емес,  жетелесін сені үміт,


Қайда кеткен бойыңдағы серілік?!


Шындық үшін күресуді қоймақ па ең,


Қалдым-ау деп біреулерден  жеңіліп?!


 


Қой, қой, ұлым, адал жаннан ал үлгі,


Бос өткізбе, жарқылдат жас шағыңды! –


Дейді анашым.


Ол жақта да тек жатпай,


Жүр екен-ау ойлап менің қамымды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу