Өлеңдер ✍️

  06.06.2023
  50


Автор: Серікбай Оспанов

Ақын

Алмасады ащы өмір мен тәтті өмір,


Жалғасады сәтсіз, кейде сәтті өмір.


Отқа-суға түсіп кете беретін


Араңда жүр ақын адам – ақ көңіл.


 


Сезімталдық бақыты да, соры да,


Қаламды да ұстатқан сол қолына.


Өзін-өзі қорғаса жұрт,


Елі үшін


Ол жүрегін тосады оқтың жолына!


 


Өзі болып тіршіліктің сәні де,


Айқара ашар кең құшағын бәріне.


Ұзартады өлең қысқа ғұмырын,


Ол тілеген өмір мүлде әріде!


 


Ақын-көңіл алуан сыр, сан сала,


Бақыт қана тілейтіні баршаға.


Ақынмын дер пенделер де бар шығар,


Жыр жазбайтын шын ақындар қаншама?!


 


Кеуделерге кезенбейді сөз-оғын,


Ақындықтан керек емес өзге орын.


Жалғыз рет алса сені жылатып,


Өмір бойы жылап өтеді өзі оның!


 


Дейтіндер бар болғаны ма боркемік,


Неге ақындар жатады осы ерте өліп?!


Өзгелердің қайғы-мұңын көтеріп,


Өз отына ол кетеді өзі өртеніп.


 


Сәл нәрсеге қуанады алданып,


Сәл нәрседен секем алып, шамданып.


Шабытсыз бір шағында ол отырар


Өзі жазған жырына өзі таң қалып!


 


Сөздің өзін отсыз, отты, тірі деп,


Ол бір жолды сызар кейде мың рет.


Жыр жаза алмай қалған күндер – қорқыныш,


Ал жақсы жыр жазған күні ол – құдірет!


 


Алмасады ащы өмір мен тәтті өмір,


Жалғасады сәтсіз, кейде сәтті өмір.


Отқа-суға түсіп кете беретін,


Араңда жүр ақын адам – ақ көңіл!


 


***


Қара аспан астасып даламен


Тұрған сәт.


Жарыққа қарап ем;


Бір жұлдыз төменге құйылып,


Жап-жарық боп кетті бар әлем.


 


Ұмытпай  түн түнек түрілген


Сол сәтті


Еске алдым бүгін мен.


Ол– ақын жүрегі


Өлерде


Еліне нұр шашып үлгірген!


      


 


 


                                    ***


 


Шабытты шақта


Алыс па


Қонақтар келіп қолға Күн.


Сен дедім озсам жарыста,


Сен дедім өлең жолдарын.


 


Туған жерге гүл – Ту қадап,


Шаттанып, шалқып күлмесем,


Қиялды қашқан қуалап,


Ажалға қарсы жүрмес ем!


 


Шомылмаса егер нұрға адам,


Шықпаса шырқап шыңдарға,


Мен сен деп неге тырбанам,


Оларсыз сенде құн бар ма?!


 


Босанып кеткен белдеуден,


Бесті бір тұлпар секілді,


Келемін жүйткіп сен деумен,


Кезімнен сонау кекілді...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу