Өлеңдер ✍️

  01.06.2023
  73


Автор: Серікбай Оспанов

Өмір-ай?..

Самғатып, қанат беріп қиялына,


Шарлатып, ойдың жүзіп қиянына,


Жұлдыздай келеді ағып Жұмағазы


Күреңнің күй тартқызып тұяғына.


 


Алдынан андыздаған ауса қырат,


Даланың қалған оған кәусары ұнап.


Көкжиек көз алдында дөңгеленіп,


Үйрілді төбесінде дәу шаңырақ.


 


Күреңнің тері жылт-жылт тамшылаған,


Соңында қалып жатыр шаң шұбаған.


Барады көкжиекке тура тартып,


Көкжиек келе ме әлде қарсы бұған?


 


Тізгінді бос жіберсе боз далада,


Бақыт жоқ бұдан асқан бозбалаға.


Аты ма келе жатқан құйғытып бұл,


Зуылдап әлде дала қозғала ма?


 


Қырандай жақындаған ілеріне,


Құйғытып келе жатыр күреңі де.


Күреңнің тұяғымен  бірге соғып,


Құйғытып келе жатыр жүрегі де!


 


Көргендер түсінеді ел баласын,


Сағынып қалыпты-ау бұл кең даласын.


Қаладан келген ұлдың


Сынағандай


Жұлқылап барады, әне, жел жағасын.


 


Жарысып төбесінде күн келе ме,


Бас иіп қалып жатыр гүл де неге?


Құйғытып құйындайын  асты қырдан,


Айналып күреңімен бір денеге.


 


Кім білген нелер күтіп тұрады алда,


Бұл арман жеткізген бе, сірә, адамға!?


Бозбала ұшып кетті ер үстінен,


Томарға сүрініп ат құлағанда.


 


Жер-ана ұлын сонда алды қағып,


Жас дене сан домалап, сан бұралып,


Үстінде көк шалғынның жатты сұлап,


Апыр-ай, демі бітіп қалды ма анық?!


 


Қапыда құрдың, тағдыр, неге қақпан,


Ажалдың қолын әлде сен бе қаққан?


Бозбала көзін ашса, –


Тұр алдында


Бір шыбық бойын түзеп келе жатқан!


 


Тіршілік –


Көз алдында жарық, шыбық,


Өмірмен тұрды қайта табыстырып.


Сол шыбық келеді екен өркен жайып,


Өзегін қу томардың жарып шығып.


 


Топ қайың өскен бұрын бұл арада,


Артында шыбық қапты,  мына қара!


Бір бүгіп өткен екен өркенді сол


Сүрініп күрең қасқа құлағанда.


 


Өткенді есіне сәт алды бұ да,


Ұқсайды мына шыбық тағдырына.


Әкесі қандай еді күй шерткенде,


Сусайтын бүкіл Торғай ән-жырына.


 


Келеді ұлы өнерге құлаш ұрып,


Бүр жарып келе жатқан бұл да шыбық.


Майысқан жас өркенді түземекке


Орнынан Жұмағазы тұрды асығып.


 


Бозбала жанарында сұрақ тұнып,


Қалғандай мына алғашқы сынақты ұғып.


Өмір-ай, ескі, жаңа алмасатын,


Сүрініп, жылап, күліп,


Құлап, тұрып!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу