Өлеңдер ✍️

  01.06.2023
  82


Автор: Серікбай Оспанов

Дала күңгірт...

Дала күңгірт,


Ерекше бүгін желді,


Күзге ілесіп менің де күзім келді.


Алма құлап,


Ағаштан өрік құлап,


Жалғай алмай тұрғаным үзілгенді...


 


Алма, өрік үзілсе, піскені де,


Қуанып жүр балалар түскеніне.


Жүрек тұсым шым етіп,


Шоршып түстім,


Іштегі ме?


Бірдеңе тістеді ме?!


 


Қара бұлттар аспанның төрінде енді,


Көрсетпей тұр кешегі көрінгенді.


Сансыз ойлар жамырап қашты неге,


Біріктіру арман еді бөлінгенді.


 


Қауын-қарбыз, сәбіз, асқабағы –


Көшіп жатыр ауылға бақшадағы.


Көшіп кеткен қырдағы жайсаңдар-ай,


Ойлантады қара күз қас-қабағы.


 


Қара күзге бар байлық еріп келіп,


Дархандықпен жатыр қыр көріктеніп.


Жиғанымды, ағайын, аямайын,


Қолдағысын жатыр күз бөліп беріп.


 


Қимастық-ай!


Жеткізді құштарыма,


Қиял қырға,


Қонды тау ұшарына.


Көзге сыйған құшаққа сыймас деуші ем,


Сыйып кетті тау, дала құшағыма!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу