Өлеңдер ✍️

  01.06.2023
  108


Автор: Серікбай Оспанов

Су шашып оятты ерте аспан жерді...

Су шашып оятты ерте аспан жерді,


Ұнаттым жұпар иіс шашқан желді.


Басылып жауған жауын,


Түстен кейін


Сақина қызыл- жасыл аспан керді.


 


Астасып қырда гүлдер көбелекпен,


Айнымай қалған бүгін көл де көктен.


Теректер қайта- қайта бас шұлғиды,


Қорғанған жылқылардай бөгелектен.


 


Көз алу қиын мына кереметтен,


Жаз ауып кетсе де әлі елде көктем!


Тал басын әткеншек қып торғай отыр,


Самал жел жаңа ғана тербеп өткен.


 


Тұрса да әрең өзі жардан ұстап,


Жаяды жасыл шырша жанға құшақ.


Сауысқан қалықтаса,


Көзге елестер


Қағаздан бүктеп жасап алған ұшақ.


 


Жап- жасыл,


Маңайды жаз мөлдіреткен,


Таппайсыз сары бояу төңіректен.


Шыбындап тұрған аттың сауырындай,


Су тамса жапырақтан


Көл дір еткен.


 


Жоқ дерлік екеуінде түк айырма,


Сүйеніп ақ білек қыз тұр қайыңға,


Киіп ап жасыл көйлек сылаңдайды


Қостанай жаз түгілі күз айында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу