Өлеңдер ✍️

  01.06.2023
  45


Автор: Серікбай Оспанов

Тіршілік

Қараңғыны әлдеқайда ығыстырып,


Көкжиектен Күн шықты тыныш, күліп.


Үлкен құртқа жабылып құмырсқалар,


Жатыр шөптің арасында ұрыс жүріп.


 


Теректерді дауыл кеп жұлқылады,


Бір жығылып, бидайық бір тұрады.


Құмырсқалар тамақ деп ұмтылады,


Тіршілік деп байғұс құрт бұлқынады.


 


Шопандар жүр қойларын қырда бағып,


Сықылықтап күледі бұлақ ағып.


«Жауынгерлер» кішкентай


Қимылдайды


Құрт үстінен домалап құлап алып.


 


Еске салды-ау әрнені, мыналар-ай,


Шырылдады шегіртке  – жылағандай.


Қара қоңыз тырбанып жатыр әне,


Қара «добын» шұқырдан шығара алмай.


 


Қуалап жүр мысықты қырсық күшік,


Қауашағын жапты, әне, гүл шық түсіп.


Көкжиектен әрі асып Күн құлады,


Сұлады құрт соңғы рет ыршып түсіп...


 


Кімдер, сірә, боп жатыр алаң бұған,


Көз байланып, көбейді қараң-құраң.


Үкінің бе, көзі боп түлкінің бе,


Қарайды бір тіршілік қараңғыдан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу