Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  51


Автор: Серікбай Оспанов

Ауылға барғанда

Кеудесін айқара ашып тастады ұлың,


Сыр айтты төсіңдегі тас та бүгін.


Армысың, айналайын, туған жерім,


Армысың, ата мекен, Ақшақұмым?!


 


Еркіндеп еңісіңе еніп келем,


Құшағың кімді, сірә, ерітпеген?


Кетемін күлегеш боп мен өзіңде,


Өзіңде көз жасқа да ерік берем.


 


Алыстан аңсап жеттім бүгін елге,


Кейінгі наз айтайын інілерге.


Аруағын өлгендердің аунатайын,


Шығайын сәлем беріп тірілерге.


 


Сұм тағдыр еркелетіп қоймас дәйім,


Несіне сөз берсеңдер қорғаштайын.


Келгенде туған жерге серпілсін мұң,


Туған жер, сенде тек мен той бастайын.


 


Бір жанмын сүйіп өтер далаңды әсем,


Туған жер, бақыт тіле маған да сен.


Ұяңнан түлеп ұшқан қарлығашпын,


Жанашыр әкем де сен, анам да сен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу