Өлеңдер ✍️

  31.05.2023
  123


Автор: Серікбай Оспанов

Таудың суы арықта күліп ағып...

Таудың суы арықта күліп ағып,


Аспан бұлдыр, сонда да күні жанып,


Тас көшесі былқылдап,


Дәл қадалған


Біз-өкшені жатады жұлып алып.


 


Қара бұлтты тентек жел сүйреп неше,


Бәрін үйіп бір жерге түйдектесе,


Жаңбыр құйып әп-сәтте сабалайды,


Ойнап сонда кетеді билеп көше.


 


Ерекше бір күнге де дарын бітіп,


Жердің бетін жіберсе тамылжытып,


Тау етегін тамаша мұнар басып,


Ормандарды қояды сағым жұтып.


 


Кісіні саф ауасы құнықтырып,


Қайғы-мұңды жіберер ұмыттырып.


Алматының жазы да ерекшелеу,


Жылай салар аспаны күліп тұрып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу