Өлеңдер ✍️

  27.05.2023
  51


Автор: Серікбай Оспанов

Тұрушы еді қар борап...

Тұрушы еді қар борап,


Ауа таза, жылыды.


Көлбей түскен ақ жолақ


Көлде күннің сынығы.


 


Көз ұшында көрінген


Өрде күннің сынығы.


Терезеден төгілген


Төрде күннің сынығы.


 


Жаны болып үміттің,


Жонын тілді мұз- қардың.


Жанарында ол жігіттің,


Балтырында қыздардың.


 


Кетті маңай жадырап,


Үй төбесі алтынды.


Жатыр бәрі қағып ап


Бір- бірінен жарқылды.


 


Жерде шыны сынығы


Қаратпай көз қариды.


Ерке көктем қылығы


Кетті аралап әр үйді.


 


Еске салды өткенді,


Жас дәурен-ай, сағындым.


Бір сәуле бас көтерді


Түкпірінде жанымның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу