Өлеңдер ✍️

  27.05.2023
  92


Автор: Серікбай Оспанов

Күзгі жапырақтар

Жел жұлқиды маңайда салып асыр,


Түссе үзіліп жапырақ жаның ашыр.


Күнгейдегі күйген бе, сарғайыпты,


Көлеңкеде тұрғандар әлі жасыл.


 


Жазда дауыл барлығын үзе алмады,


Қалтыратып біразын күз жалмады.


Жапырақтар алуан түске еніпті –


Қоңыр, күлгін, қаншама қызарғаны!


 


Жапыраққа бұл күнге келген аман,


Қарай алмас таң қалмай көрген адам.


Қызыл-жасыл шашатын гүлін жерге


Күз кем емес көктемгі кең даладан!


 


Жақсы екен ғой ағаштан түспегені,


Маңайына ғажайып түс береді!


Жапырақтар құлауда күні-түні,


Қайтсем екен,


Алда әлі қыс келеді?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу