Өлеңдер ✍️

  26.05.2023
  96


Автор: Серікбай Оспанов

Самал-үміт

Ойдағы бірге самғап жыр көшімен,


Түнімен жолаушыдай күн кешіп ем,


Оятты таң алдында


Қойыныма


Самал кіріп киіз үй іргесінен.


 


Жаныма жақын тұттым жаңа лепті,


Сипалап,


Арқамнан ол қағады епті.


Жіберді шашып сосын үй ішіне,


Жусанның,


Гүлдің исін ала кепті.


 


Қой-қозы мені іздей ме маңыраған,


Торғай да әсем әнін салып алаң.


Сағынып қалған білем көрмей көптен,


Таң атпай тұр-тұрлайды бәрі маған.


 


Көрмесем ет-жүректі елжіреткен,


Ауылға келмегелі көп жыл өткен.


Ілесіп қош иіспен сыртқа шықсам,


Тұр екен күн сығалап көкжиектен.


 


Не деген құбылмалы мына ғалам,


Ұнаған,


Күндері көп ұнамаған.


Кездерім еске түсті


Іздеп сені


Киіз үй жабығынан сығалаған.


 


Қиялым көңілімді  бала қылып,


Тұрғандай соған Күн мен дала күліп.


Қарсы алшы, бара жатыр саған енді,


Таң алды мені оятқан самал-үміт...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу