Өлеңдер ✍️

  24.05.2023
  55


Автор: Мехнат Теміртасқызы

Сырым бұл

Жасырамын сырымды қайтіп ішкі,
Арман-сақа алшы емес, тәйкі түсті.
Хан талапай өмірден қажыған да,
Қалай сізді күтпеймін айтыңызшы?!
Білесіз ғой, ұмтылсам тиерін дау,
Болмайсыз ба жүрекке ие, мынау.
Сынығындай асылдың заты бөлек,
Сізді ұнатпау мүмкін бе, киелім-ау!
Сіздік ойлар дауыл ма, от па жалын,
Өртемеңіз өтінем, жоқ па обалым?!
Көгершіндей мәпелеп жүрмесеңіз,
Көбік қардай көктемгі, жоқ боламын!
Сыр ұғынсам көзіңнің қарасынан,
Артық көрем, жердегі бар асылдан.
Қоңыраулы көшімді жетелеңіз,
Хан талапай тірліктің арасынан.
Содан кейін кетеді жарасып ән!
Жасырамын сырымды қайтіп ішкі,
Хабар алып мен жақтан, қайтыңызшы.
Құба белге ынтыққан күн сияқты,
Қалай сізді сүймеймін, айтыңызшы?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу