Өлеңдер ✍️

  24.05.2023
  63


Автор: Мехнат Теміртасқызы

Ақын қыз

(Ардақ Айдароваға)
Біз деген ақындармыз тірегі жоқ,
Ойы ұшқыр, жүрегі мұң, тілегі от.
Сыртыңнан сыпсыңдаған серілердің,
Бірінің жақындауға жүрегі жоқ.
Бізді ешкім жұбатпайды ақынсың деп,
Болса да, алты Алашқа атың дүрмек.
Арқаңнан қағып-қағып кеткенменен ,
Сыртыңнан саусақ безеп, жатыр тілдеп.
Біз деген заты бөлек адамдармыз,
Жетелер желекті ойға қадам жалғыз.
Жұмбақпыз, аралдармыз ашылмаған,
Ешқашан жан баспаған ғаламшармыз.
Жырласа жүрегіңнің құба таңы,
Біреу құптап, біреулер жылатады.
Жаным-ау, ақын болу азап кешу,
Біздерді өлең ғана жұбатады!
Жетсе де жүрегіңе күшің мейлі,
Өр сөзің биіктіктен түсірмейді.
Өлеңіңнен лəззат алғанымен,
Өміріңді ешкімде түсінбейді!
Сүмбіле, сұлу жырды баптағасын,
Құрбаны боп кетуге шақ қаласың.
Ақындықтың жалауын жығып алма,
Біреу сені мақтасын, мақтамасын!
Біз деген ақындармыз, ақындармыз,
Өлең үшін əлсіз де, батырда біз.
Ақын жанын түсінгің келсе егер,
Мұң тұнған қаламына жақындаңыз..!
Мұң тұнған жанарына жақындаңыз..!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу