Өлеңдер ✍️

  15.05.2023
  133


Автор: Иоганн Вольфганг фон Гёте

Достық жыры

(1775)

Сезім мен шарап қосылып,
Жанғанда — жас шақ — маздағым.
Шырқайық, қалмай тосылып
Достықтың сиқыр сазды әнін.
Думанның тәңір исі
Бізбенен шалқып тойласын.
Сезімнің: сері киесі
Жүректің төрін бойласын.
Оранып жаңа жалынға
Жүректер бірге туласып.
Шарап та таза, жаның да
Достықтан таза туғасын.
Алайық жаңа тостарды
Таныстық үшін кідірмей,
Ұмытпай ескі достарды
Сындардан өткен сүрінбей.
Достарсыз адал, тірлікте
Болсын қай ырыс — жұбаныш.
Салтанат, шаттық — бірлікте
Жоқ одан асар қуаныш.
Шырқайды достар. үндері
Беріліп сезім ырқына.
Тие алмас көңіл кірбеңі
Көңілді кештің шырқына.
Көкірек — сергек, еркін ой
Жазылған мына маңдайға.
Бастады тағдыр, еркі ғой,
Тірліктің жолын шалғанға.
Еркіндік жолын басып нық,
Алыстап кетіп барамыз.
Аршылып жалған пасықтық,
Тазарып жан-тән, санамыз.
Қадамды қадам қуады,
Шегі жоқ, ұзақ жол деген.
Жанарды жігер буады,
Кеудені шаттық кернеген.
Топан су қаптап кетсе де,
Бәріне жүрек шыдайды:
Өйткені өмір өтсе де,
Сөнбейді ДОСТЫҚ шырайлы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу