09.05.2023
  101


Автор: Дархан Қыдырәлі

АВТОНОМИЯ АҢСАРЫ

Мұстафа ақпан төңкерісін үлкен үміт, зор қуанышпен қарсы алды. Патша үкіметінің құлауы бостандықка жол ашқандай


сәуле болды. Бодандық бұғауынан босанып шығуға мүмкіндік туған бұл кезде ол пікірлес достарымен тізе біріктіріп Уақытша үкімет таныған демократиялық сарынды пайдалануға тырысты.


Патша тақтан тайған күн Зәки Уалидимен бірге Мемлекеттік думаға барып, мұсылмандар фракциясының мүшелерімен кездес-кен Мұстафа, сол күні Әлихан Бөкейхановтан телеграмма алды. Бөкейханов өзінің орнын алмастыру үшін Мұстафаны Минкіге шақырған екен. Алайда жолдар жабық болғандықтан, Петербордан шығып кете алмады. Сөйтіп тарихи төңкеріс болып жатқан астанада бірнеше күн аядауға тура келді. Өйткені тағдыр оған басқа бағытта сапарға шығуды бұйырып тұр еді.


Арада көп уақыт өтпей ол Ташкенттен телеграмма алып, шұғыл жолға жиналды. Петербордан кетер алдында сол тұста бүкіл Ре-сей ауқымында маңызды қызметтер атқарып жатқан Петер-бург жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің төрағасы Нико-лай Семенович Чхеидзенің қабылдауында болды. Орыс төңкерісшіл демократтарының     алдыңғы     сапында     жүрген     грузин     Чхеидзе әңгіме барасында айтылған Мұстафа Шоқайдың Түркістанда Ресей құрамынан шықпай автономия құру туралы идеясын «сеператистік» пиғыл ретінде бағалады. Шоқайдың ұсынысынан шошып кеткен Чхе-идзе, «Құдай сақтасын, Шоқай жолдас, еліңiздегi жерлестерiңiз арасын-да автономия туралы аузыңызға алмаңыз. Біріншіден, қазір бұл тура-лы сөз қозғауға әлі ерте. Екіншіден, сіздің Түркістан сияқты елде ав-тономия дереу дербестік алып, бөліну деген мағынаны аңғартады»деді. Мұстафа оған бірден автономия жариялау немесе елді автоно-миялы басқаруды талап етпегенін, құрылтай жиналысы өтуін күтіп жүргенін, болашақта мемлекет пен халықты осы автономияға әзірлеу жұмысымен айналысып жатқанын түсіндіруге тырысқанымен, «де-мократ» Чхеидзе бұл пікірге үзілді-кесілді қарсы шығып, Ресейден бөлінген халықты ауыр күндер мен қиын жағдайдың күтіп тұратынын айтты.


Ұлттық тәуелсіздікке бастар жолды орыс демократиясының көмегінсіз іздеу жеңіл-желпі нәрсе емес-тін. Ондай саяси күштер Түркістанда әлсіз әрі бірауызды емес, ал оларды қолдайтын бұқара халық тәжірибесіз, сауатсыз, бей-жай күйде болатын. Оның үстіне, бәрінен де қиыны, осы кезде саяси сахнаға үшінші бір қауіпті күш ретінде большевиктер шыға бастаған еді. Қалыптасқан саяси ахуал, экономикалық күйзеліс, соғыс ауыртпалығы, оңтүстік аудандарда 1916 жылғы ойраннан кейін жарты миллионға жуық халықтың Қытай асуы, олардың жерін қоныс аударушылардың басып алуы, ондаған мың түркістандықтардың жазалаушы отрядтарының қолында құрбан болуы, кемі 300 мыңдай түркістандық жігіттердің Ресей қалаларына, төрт бірдей майдандарға, тыл жұмыстарына, окоп қазуға жіберілуі, елдегі бас көтерер еңбекке жарамды ер-азаматтардың үкімет салығы ретінде әртүрлі жұмыстарға жегілуі, соғыс салығын өтеуі — міне, Түркістан жұртының жалпы жағдайы осындай болатын.


Осындай қиын жағдайда Мұстафа өз халқына қызмет жасау жо-лын іздеді. Ол отандастарымен бірігіп, Керенский басқарған Уақытша үкіметтің Түркістанды басқаратын арнайы Комитет құруына қол жеткізеді.Елдегі саяси қозғалысқа белсене араласып,ұлткөсемдерінің біріне айналды.


Петербургқа қош айтып, Орынборды бетке алған Мұстафа жол үстіндегі Пенза,Сызрань,Самара қалаларында майданға алынып,енді елдеріне қайта алмай жүрген түркістандықтарға кез болды. Жүдеп, жадап кеткен,мұңын шағатындай тіл білмейтін олардың жағдайы өте мүшкіл еді. Әбден қажыған, ашыққан түркістандықтардың арасын ауру жайлай бастаған екен. Жергілікті басшылармен сөйлесу арқылы олардың елге қайтуына жағдай жасады.Содан кейін суытжүріп Орын-бор шаһарына жетті.


Мұстафаның қатысуымен Орынборда Бүкілқазақ құрылтайы өтті. Құрылтай жұмысын Әлихан Бөкейханов ашты. Кең байтақ, ұшы қиыры жоқ қазақ сахарасы ғана емес, қоңсы отырған туысқан халықтардың да өкілдері қатысқан құрылтай табысты өтті. Әсіресе, «Өзбек бауырларыңыздың сәлемін ала келдім» деп бастаған Мүнәууар қаридің сөзі ерекше әсерлі шықты. Ол сөйлеп жатқанда «Өзбек — өз ағаң» деген.Тегінде біз туыспыз ғой» деп,кейбір делегаттар тебіреніп, көзіне жас алып, жылап тұрды. Құрылтайды Еділ бойы татарларының атынан құттықтаған Фатих Каримов та жақсы сөйледі. Осылай-ша, Орынборда өткен қазақ құрылтайы түрік халықтарының басын біріктірген және олардың мызғымас бірлігін көрсеткен ұлы мерекеге айналды.Құрылтайдан рухтанып,ерекше жігер алған Мұстафа осыны түйді. Түбі бір, тамыры мен тарихы, тағдыры бір туыс халық өкілінің сөзіне көз жасын төккен қарттар оның тұтас Түркістан үшін күресу ту-ралы идеясын қуаттай түсті.


Құрылтай жұмысы аяқталуға жақын сәтте Мұстафаға 1916 жылғы Торғай өңіріндегі халық көтерілісіне жетекшілік жасаған Амангелді бастаған бір топ келіп, өздерінің құрылтай жұмысына риза емес екенін жеткізді. Олар оны-мұны сөз қылып, мәселені қыпшақтардың құрылтайдан тыс қалуына әкеп тіреді. Ру намысы туралы сөз бол-ды. Бұлар Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты Алаш қайраткерлерінің құрылтай жұмысында жарқырап көрінуін «арғындардың бел алуы» деп қабылдапты. Сондықтан Мұстафаның қыпшақ руынан екенін есіне салып,«төре Әлихан Бөкейханов бастаған арғындар өкіметіне қарсы күресте» өздеріне саяси жетекшілік жаса-уын өтінді. Мұндай ұсақ, мағынасыз һәм зиянды әңгімеден тіксініп қалған Мұстафа олардың сөйлеп бітуін күтпестен: «Ағалар, сіздер не деп тұрсыздар?! Мұндай сын сағатта, елдің тағдыры анықталар тұста, Түркістанның ұлт-азаттығы жолында білек сыбанып күреске түскен шақта қыпшақ, арғын деп бөліну былай тұрсын, тіпті, қазақ, өзбек, түркімен болып бөлінудің өзі өліммен тең емес пе?! Осыны неге түсінбейсіздер! Халқымыз «Төртеу түгел болса — төбедегі келеді» деп текке айтпаған болар.Сондықтан,мұндай әңгімені қою керек.Оның ор-нына тізе біріктіріп, ел болудың қамын ойластырған жөн», деп тиып тастады. Келген топ Мұстафаның тереңнен толғап айтқан бұл сөзін түсінбесе керек,бастарын шұлғып,қолдарын сілтеп,әлденеге кейістік танытқан сыңаймен келген жақтарына кете барды.


Құрылтай өз жұмысын аяқтағаннан кейін Мүнәууар қари, Әбдусами қари, Сарықұл, Жүсіпбек сияқты пікірлес, идеялас доста-рымен бірге Ташкентке қарай жолға шыққан Мұстафа, пойызда Түркістанның тұтастығы туралы өз ойларын ортаға салды. Ташкент-тен келген делегаттар да құрылтай жұмысына риза болысып, өзгеше ой түйіп,ерекше әсерге бөленіпті.Ойлары бір арнада тоғысқан достар жол үстінде Түркістанда атқарылатын келешек істер жайында сөз қозғап, жоспарлар жасады.


 


Мұстафа жолда өзін Ташкентте ашылатын өлкелік атқару комитетінің құрылтайына делегат етіп сайлаған жерлестерімен кездесіп, пікірлесу үшін Ақмешітте түсіп қалды. Ақмешітте болған екі күн ішінде Мұстафа орыс жұмысшы-солдат депутаттарының кеңесімен жұмыс жасаудың мүмкін емес екенін көріп, аңғарды. Ақпан     төңкерісі        нәтижесінде        үлкен        хұққа       қол           жеткізгенін айтқан Мұстафаның сөздері жергілікті орыс солдаттары мен жұмысшыларына ұнай қойған жоқ. Олар: «Бізге Петербор адвока-ты керек емес, өкімет біздікі, ол — солдаттардың, жұмысшылардың үкіметі» деп айқайлап, шулап кетті. Тіпті кейбір арандатушылардың әрекетіне қызып алған жиналғандар «Оны өлтіру керек!» деп, Мұстафаға дүрсе қоя берді. Мұстафаның бұл надан, дүлей тобырдың арасында қалып, өліп кетуі де кәдік еді. Алайда ол төтелеп келген бір ажалдан аман қалды.Дәл осындай оқиға Мұстафаның Ақмешітке екінші рет келуінде де айна-қатесіз қайталанды. Ақмешіттегі жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінің төрағасы Агаповтың аран-датуымен Мұстафаға тап берген қара ниет тобырды бұл жолы қазақ жігіттерін атқа қондырып, қалаға ертіп әкелген туыстары тоқтатты. Бұл дүниеде татар дәмі таусылмаған Мұстафаның пешенесіне Түркістанның тәуелсіздігі жолында талмай қызмет ету жазылған екен.


Мұстафа Ташкентке жете салысымен Түркістан өлкелік жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің құрылтайы өтетін жерге жету-ге асықты. Бәрі өзіне етене таныс. Тек біраз жүдеу тартқандай көрінді оған. Бірауық гимназияда оқып жүрген кезі есіне түсті. Қандай алаңсыз шақ еді.


Жолда келе жатып ойша жоспар құрды. Жағдайды топшылап, күрестің оңай болмайтынын білді. Шынында солай болып шықты. 10 сәуір күні өткізілген құрылтайда қатты қарсылыққа тап бол-ды. Әсіресе, әр сөзін нығырлап айтқан Некораның «революцияны орыс революценерлері, орыс жұмысшылары мен солдаттары жасады. Сондықтан Түркістанды басқару, билік біздің, орыстардың қолында. Жергілікті халық біздің бергенімізге қанағат етуі керек» деген сөздері Мұстафаға қатты әсер етті. Құрылтай өтіп жатқан бұрынғы генерал-губернаторлық сарайының қожайындары өзгерсе де, олардың жергілікті халыққа деген пікірінің өзгермегені байқалып тұрды. Түркістандағы билікті қолдарына алған жұмысшы-солдат депутатта-ры кеңестері ойларына келгенін істеп жатты.Олардың зұлымдықтары кейде бұрынғы патша жандайшаптарының озбыр әрекеттерінен де асып кететін еді.


 


Осыны көре білген түркістандық қайраткерлер 16 cәуір күні Таш-кент қаласына Түркістан мұсылмандарының құрылтайын шақырды. Құрылтайға шамамен 220 өкіл жиналды.Құрылтайдың күн тәртібінде Ресейдің мемлекеттік құрылымы мен Түркістанның өзін-өзі басқару құқына байланысты мәселелер қаралып, талқыланды. Құрылтай жұмысына Мүнәууар қари Абдурашидханов басшылық жасады.Убай-дулла Хожаев пен Серәлі Лапин төраға орынбасарлары, Мұстафа Шоқай, Зәки Уалиди, Ташболатбек Нарботабеков және Садық Абду-саттаров құрылтай хатшылары болып сайланды.Құрылтай жұмысына қатысып сөз сөйлеген Мұхаметжан Тынышбайұлы Түркістандағы сая-си ахуал жайында баяндама жасады. Сондай-ақ Уақытша үкіметтің мүшесі, Еділ бойы татарларының көрнекті саяси қайраткері Са-дри Мақсудовтың сөздері де құрылтайға жиналған делегаттардың көңілінен шығып, көпшілікке ой салды.


Құрылтай соңында өкілдер Ресейдің демократиялық федералдық жүйемен қалыптасуын қолдайтын қаулы алғанымен, Түркістанның өзін-өзі басқару құқының автономиялық әлде тәуелсіздік жолмен жүзеге асыруға болатынын айқындап көрсетіп бере алмады. Мұстафа Шоқай бұл күндерді кейін былай деп еске алады: «Төңкеріс бізге азаттық пен ұлттық белсенділікке жол ашқандай көрінді. Бірақ ұзақ жылдар қараңғыда қармалап қалған кісінің бірден жарыққа шыққанда көздері     қамасатыны     сияқты, талай     заманнан     бері     патшалық отарлық саясаттың қапасында тұншыққан біз төңкеріспен келген бостандықтың жарығына шыққанда, көзіміз қамасып, бірден тура жол тауып кете алмадық. Санамыздың қараңғылығы да көзімізді одан сайын қарықтырып, көп сандалдық. Дәрменсіздігіміз бір тобымызды орыс төңкерісшіл демократиясына еруге мәжбүр етті... Екінші тобы-мыз — көпшілігіміз, саяси табысқа дұғамен жетеміз дегенге сенетін... Әрине, мұның екеуі де қате еді».


Құрылтайдан кейін, 24 сәуір күні Түркістан мұсылмандарының өлкелік орталық кеңесі құрылды. Оны түркістаншылдар өзара Түркістан ұлттық орталығы деп атады. Орталық кеңеске әр об-лыстан өкілдер енді. Облыстық ұлттық кеңестердің төрағалары Орталық кеңестің мүшесі болып саналды. Ташкентте тұрақты қызмет атқаратын Орталық атқару комитеті сайланды. Мұстафа комитеттің төрағасы болды. Комитет төмендегі кісілерден тұратын еді: Серәлі Лапин, Убайдулла Хожаев, Шахислам Шаһиахметов, Ташболатбек Нарботабеков, Серікбай Ақаев. Орыс тілін жетік білетін Зәки Уали-ди комитетке хатшы болып тағайындалды. Ташкентте шығатын «Ұлығ Түркістан» газетінің бас редакторы Кебир Бәкір мен «Түрік Елі» газетінің бас редакторы әзірбайжандық Ефендизаде, адвокат Әбдірахман Оразаев,агроном Хидаетбек Юргулиев те осы комитеттің құрамына кірді. Ұлттық орталықтың әр облыста бөлімшесі ашылып, ұйымдаса бастады. Ферғана облысында Насырхан Төре, Самарқан об-лысында Махмуд Хожа Бехбуди, Закаспий облысында Ораз Сардар, Сырдария облысында Шахислам Шаһиахметов және Жетісу облысын-да Мұхаметжан Тынышбайұлы басшылығында ұйымдасып, жұмыс істей бастады.


Түркістандағы саяси ахуалдың шиеленісіп, ұлттар мен сая-си ұйымдар арасында қақтығыс туып кетпес үшін Мұстафа Шоқай Ташкенттегі барлық ұйымдармен байланысын үзіп алмауға тыры-сып бақты. Солдат және жұмысшы депутаттары кеңесінің пиғылын білетін ол енді орыс шаруалары мен өзге де ұйым өкілдерімен бай-ланыстарын нығайта берді. Мәселен, 1917 жылы тамыздың 30-күні Ташкент қаласында орыс шаруалар кеңесі мен қазақтар кеңесінің бірлескен мәжілісінде «Қазақ және орыс шаруалары өкілдерінің Түркістан өлкелік атқару комитеті» құрылған еді. Барлығы 12 кісіден құралған бұл комитетке қазақтардың атынан Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов,Әлмұхамбет Көтібаров және тағы үш кісі енеді.Самарқанда жүргеніне қарамастан қос төрағаның бірі болып сайланған Мұстафа Ташкентке келгеннен кейін серіктерімен кеңесіп, бұған келісімін береді. Жаңа құрылған комитетте оның басшылық жасауымен Түркістанның тұрғылықты халқы мен келімсектер арасындағы жер төңірегіндегі даулар мәселесі талқыланды. Комитеттің мұсылман мүшелері келімсектерден жергілікті халыққа қарсы қарулы шабу-ылдарын тоқтатуды талап етті. Комитет отырыстарында Ресейден жаңа қоныстанушылардың келуіне тосқауыл қоюдың шараларын ой-ластырды. Алайда, қазақтар тарапынан жасалып жатқан ұсыныстар комитеттің өзге мүшелері тарапынан қолдау таба бермегеннен кейін, Мұстафаның төрағалықтан бас тартуымен комитет тарап кетті.


Бұл кезде тәуелсіздік үшін күрес жолында Түркістан мұсылмандары арасында бір-біріне кереғар екі топ құрылған еді: біріншісі консервативті бағыттағы «Улема жамиғаты» (Ғұламалар қоғамы), оны Ақмешіттік адвокат Серәлі Лапин басқарды. Тағдырға қараңыз, прогресшіл бағыттағы «Шура-и ислам» (Мұсылман Кеңесі) ұйымының басында да Ақмешіттен шыққан заңгер Мұстафа Шоқай тұрды. Мұстафа Петерборда оқып жүрген кезінде оның толысып, жетілуінде Серәлі Лапиннің де ықпалы болған еді. Дегенмен, Түркістанның тәуелсіздігі жолындағы саяси күресте олардың жолы айырылып, күн өткен сайын бір-бірінен алшақтай берді...


 


«Шура-и ислам» ұйымы 1917 жылы 12 наурыз күні құрылған еді. Алғашқы құрушылар арасында Түркістандағы жәдитшілдік қозғалысының көрнекті өкілдері Мүнәууар қари Абдурашидханов, Махмуд хожа Бехбуди, Абдурауф Фитрат, Абдулуахид қари, Абдул-ла Авлани, Ташболатбек Нарботабеков, Убайдулла Хожаев сын-ды қайраткерлер болды. Ұйымның құрылу мақсаттары арасында Түркістан мұсылмандарын саяси, ғылыми және қоғамдық тұрғыдан жаңа заманға сай жетілдіру, реформалар жасау, бүкіл Түркістанның тұтастығын сақтау және ол үшін барлық ұйымдарды біріктіре отырып, үлкен саяси күшке айналу, халықты саяси билікті анықтауға кеңірек қатыстыру, болашақ тәуелсіз мемлекеттің бағыт-бағдарын айқындау сияқты міндеттер тұрды. Мұстафа Ташкентке келген бетте ұйымға мүшелікке өтіп, артынша оның төрағасы болып сайланды. 1917 жылы 22 шілде күні «Шура-и ислам» ұйымы мен Түркістан ұлттық орталық кеңесінің мәжілісі болып, жасырын дауыс беру нәтижесінде «Шура-и ислам» ұйымы орталық кеңесі президиумының төрағасы болып бірауыздан Мұстафа сайланды. Оның орынбасарлары болып Мүнәууар қари Абдурашидханов пен Ташболатбек Нарботабеков бекітілді.


Ұйымының жұмыс істей бастағанына көп уақыт өте қойған жоқ, Ташкентте Серәлі Лапин басшылығында «Улема жамиғаты» қоғамы құрылып, «Шура-и исламға» қарсы жұмыс жүргізе бастады. Негізінен құрамына Түркістан өлкесіндегі дін адамдарын, молдалар мен ишандарды, қазилар мен қариларды топтастырған бұл ұйым қысқа мерзімде үлкейіп, ірі саяси күшке айналды. Ташкент, Ферғана, Самарқан, Бұхара сияқты қалалар мен елді мекендерде сөзі өтімді діни адамдар осы ұйымның бағдарламасын құп көріп, жастар мен жаңашылдар топтасқан «Шура-и ислам» ұйымы туралы теріс насихат жұмыстарын бастады.


«Би екеу болса,дау төртеу болады» деген аталы сөзді жадына берік ұстаған Мұстафа Шоқайдың «Шура-и ислам» мен «Улема жамиғаты» қоғамын татуластыру үшін жасаған әрекеттерінен нәтиже шықпады. Екі ірі ұйым арасындағы пікір қайшылығы әсіресе Ташкент қалалық мәжіліс сайлауы кезінде арта түсті.


1917 жылы шілде айында Ташкентте қалалық мәслихат сайла-уы өтті. Тамыздың басында нәтижелері белгілі болған бұл сайлау-да жергілікті халыққа қысым жасап, қарсыластарын қыспаққа алған қадымшылар, қалалық мәслихатта басымдылыққа ие болды. Алайда, «Улема жамиғаты» тарапынан қала басшылығына ұсынылған адам — монархистМарков еді.Қала басшылығын мұсылман жастардың біріне қимаған «Улема жамиғаты», он алтыншы жылғы көтеріліс кезінде мұсылмандарды қанға бояған қандықол жендеттің біріне Ташкент қаласының кілтін ұсынды.


Сайлау кезінде Мұстафа Ташкентте емес еді.Шілде айының соңына таман, әлі сайлау қорытындысы жарияланбай тұрып Петербор мен Мәскеу қалаларын бетке алып жолға шығып кеткен Мұстафа мұнда өлкелік атқару комитеттерінің жиналыстарына қатысты. Петерборда Уақытша үкіметтің басшыларымен,соның ішінде Үкіметбасшысы Ке-ренскиймен кездесіп,түрлі келісімдерге қол жеткізді.Ескі танысымен ұзақ пікірлескен Мұстафа Уақытша үкіметтің басшысына Түркістан туралы біраз мәлімет берді. Ол достық қарым-қатынасын пайдалана отырып, Керенскийді Түркістанның өкілетті ұйымдарымен келіспей, Түркістанға қатысты ешқандай реформа жасамауға көндірді. Әңгіме барысында Түркістан өлкесінің маңыздылығын мойындай отырып, Петерборда Түркістан істері жөнінде арнайы комиссарлық құрудың қажеттігіне тоқтаған Керенский, Мұстафаға салмақ сала қарады. Ол Мұстафаның астанада қалуын қалап отырған еді. Алайда өзінің елде әлдеқайда пайдалырақ боларын пайымдаған Мұстафа, Уақытша үкіметтің министрі деген лауазымнан бас тартып, досына рахметін айтып, Түркістанға қайтып кетті.


Ташкентке оралғаннан кейін сайлау кезінде болған сорақы әрекеттер туралы естіп, білген Мұстафа «Улема жамиғаты» басшы-ларымен     кездесіп, ашық әңгімелесуге шешім қабылдады. Ол жа-нына Убайдулла Хожаевты ертіп алып, қадымшылармен кездесуге барды. Шейхантахур мешітінің ауласында өткен әңгіме барысында қадымшылар «Шура-и ислам» ұйымы туралы негізсіз сөздер айта бастағаннан кейін, шыдай алмаған қызу қанды Убайдулла Хожа-ев: «Орыс монархистін Ташкент қаласының басшысы етіп сайланған сіздер, «Улема жамиғаты» мүшелері, ұялмайсыздар ма?» деп, айқай салды. Сол кезде «Улема жамиғаты» қоғамының хатшысы болып жүрген кісі Убайдулла Хожаевқа қарап тұрып: «Орыс монархисті Мар-ков жәдитшіл Убайдулла Хожаевтан әлдеқайда артық» деп жауап берді. Жиналған көпшілік даурығып, шулап, оны қолдай жөнелді. Өзін үмбетшіл, ислам дінінің бірлігі мен тірлігін ойлайтын адам деп есептейтін діндар кісіден осындай сөз естігенде аузына сөз түспей қалды. Ол Абайдың: «Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да танымайтұғыны қалай?» деген сөзін еске алып, бұл дерт,індеттің бүкіл Түркістан халқына тән асқынған ауру екенін түсінді. Ал «бас-басына би болған өңшең қиқым» мұны түсінер ме? Мұстафа ауыр күрсініп:


 


«Қайран жұрт, қашан оянып, басың біріккенше мынадай надандардың кесірінен,өз жеріңде өрекпіп жүрген әумесер келімсектердің жемтігі бо-лып бітесің-ау!?» —деп, іштей күбірледі.


Осыдан кейін қадымшыл ғұламалар мен ұлттық орталық кеңес арасындағы байланыс тіпті шиеленісіп кетті. Серәлі          Лапин өзі де мүшесі болғанына қарамастан, Мұстафаның басшылығындағы орталық          кеңеске  ауыр        сындар     айта          бастады.      Түркістан жәдитшілдерінің басылымы «Ұлығ Түркістан» газетінде «Улема жамиғаты» қоғамының басшысы Серәлі Лапиннің Орталық кеңес мүшелерін «самозванецтер» деп айыптаған сөзі жарияланды. Негізсіз айыптауға шыдай алмаған Мұстафа бұған дереу жауап хат жазды. Бұл ашық хат та «Ұлығ Түркістан» газетінде жарияланды. Онда былай деп жазылған еді:


Серәлі мырза Лапин айтқан сөзінің дұрыс емес екенін өзі де білуі тиіс еді. Өйткені, Орталық Кеңес осы жылдың сәуір айында құрылып, мұсылмандардың     бірінші     құрылтайында     ұлық     Серәлі     мырзаның қатысуымен Орталық Кеңеске мүшелер сайланды.Ол мүшелер төмендегі кісілер болатын: Серәлі Лапин,Убайдулла Хожаев,Шаһиахмедов,Нарбо-табеков, Ақаев және мен.


Осы құрылтайдың қаулысымен Орталық Кеңеске облыстардан да өкілдер сайланған еді.Бұлардың арасында агроном Хидает бек Ағаев,ад-вокат Оразаев және журналист Мехмет Әли Ефендизаде бар еді. Одан кейін Орталық Кеңес тарапынан шақырылған екі жиында да (екеуі де қыркүйек айында өткізілді) Орталық Кеңестің бүкіл мүшелеріне сенім білдірілді.


Серәлі мырза Лапин, Орталық Кеңестің мүшесі болып тұрып, бастапқы Ғұлама жамиғаты тарапынан жасалған құрылтайларда әуелі Орталық Кеңесмүшелерін қайтадан сайлау мәселесін көтерген еді. Қазір түсінікті болып отыр,Орталық Кеңеспен күресу үшін ол Орталық Кеңес мүшелерін «самозванецтер» деп атау сияқты күлкілі сылтау ойлап тапқан. Алайда, Серәлі мырзаның есіне сала кетейік, өзінің жеке басының партия іші «интригаларын» жүзеге асыру мақсатында Орталық Кеңестің аты керек болған кезде Кеңестің өзге мүшелері сияқты өзі де «самозванец» болып тұрған. Ол кезде «самозванец» аталуға қысылмаған,керісінше,Кеңестің мүшелері болмай қалған кезде, оларға хабар бермей,өзіне қажет қарар-қаулылар шығарып,үстіміздегі жылдың 4-мамыр күні жұмысшы және солдат депутаттарының өлкелік советіне жалған мәлімет беріп, оларды да шатастырған еді.


Орайы келіп тұрғанда еске ала кетейік, Орталық Кеңестің атын пайдалануға байланысты Кеңес тарапынан 9-мамыр күні шақырылған мәжілісте қарар қабылданған уақытта Серәлі мырза Лапин өзі шығарған қарарға «төраға міндетін атқарушы» деп қол қойған еді».


Бұл ашық хатқа жерлес ағасы жауап қатқан жоқ. Дегенмен олардың арасындағы саяси келіспеушіліктерден туған түсініспеушілік одан әрі өрби берді. Мәселен, Сырдария облысының құрылтайында Бүкілресейлік құрушы мәжілісіне делегатболып сайланған Мұстафаны қаламайтынын білдірген «Улема жамиғаты», Құрушы мәжіліске деле-гат ретінде Серәлі Лапиннің кандидатурасын ұсынды.


Түрлі түсініспеушіліктер мен жағымсыз істерге қарамастан Түркістанда автономия құру туралы пікір күн өткен сайын ұлғая түсті. Автономия алу туралы идеяның таралуына түркістандық зиялылармен бірге әзірбайжандық және Еділ-Орал бойынан келген татар-башқұрт зиялылары үлкен әсер етті.Мәселен,Түркістан автономиясы жолында ұлты татар Кебир Бәкірдің басшылығымен шығатын «Ұлығ Түркістан» басылымы өте маңызды рөл атқарды. «Жасасын ұлттар автономия-сы! —деген ұранмен жарияланған бұл басылым бір санында: «Халқының 98%-і мұсылман Түркістан елінде жұртты басқару ісінің сырттан келген әскер мен жұмысшылардың қолына өтуіне түркістандықтар өз ризашылықтарын бермейді», — деп жазды. Аталмыш басылымда жарияланған мақаласында Нушириван Явушев деген автор: «Ресейде миллиондаған түрік, татар халықтары өмір сүруде. Олар жыныс мен ұлты, тілі мен көзқарасы тұрғысынан бір атаның балалары және бір ағаштың бұтақтары сияқты.Ал Түркістан —түріктердің атажұрты. Сол себепті Түркістанға автономия берілсе, Ресейдегі барлық түрік халықтары Түркістанға көмек беру үшін жұмылар еді. Бұл орайда ешбір түрік баласы Түркістанның өз отаны екендігін ұмытпас деп ойлаймын. Жаңа уақытша үкімет Ресейде өмір сүретін барлық ұлттарды авто-номиядан дәмелендіріп қойды. Тәуелсіздік алғаннан кейін оны басқару мәселесі де бар. Сондықтан материалдық және рухани бірлікке, білім мен өнерге, қару мен қаражатқа қажеттілік бар. Ал бұлар бізде жоқ деп дүрлігетіндер де бар.Бірақ бүгіннен бастап жұмысістесек,бұлардың барлығы да болады! Бұдан кейін біздің саяси, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан күшейіп, өсуіміз үшін үлкен мүмкіндіктер туады. Ретін келтіріп, өз-өзімізді басқаруды да үйренерміз. Өйткені, өз өміріміз бен бостандығымызды қорғау үшін еуропалық мәдениетті, Еуропа білімі мен өнерін меңгеруіміз қажет. Өткенді еске түсіріп, тәуелсіздікті де аңсаған адамдар бүгіннен кеш қалмай Түркістанның автономия алуын ойлаулары керек! Түркістан халқы қаншалықты сауатсыз және білімсіз болса да, бұрынғылар сияқты қаржысыз, пұлсыз және надан емес» — деп, Қашқар мемлекетін құрған Якуб бектен үлгі алуға шақырды.


 


Сондай-ақ Түркістан жәдитшілерінің жетекшілерінің бірі Махмуд Қожа Бехбуди де аталмыш басылымның маусым айындағы санында: «Мынаны жақсылап есте сақтау керек: Құқық алынады, берілмейді! Әр ұлт және мемлекет өзінің діни және саяси құқына әрекет ету арқылы һәм өзара келісім нәтижесінде қол жеткізеді. Дүние — күрес алаңы болғанымен, біз мұсылмандар, әсіресе түркістандық мұсылмандар, ешкімнің біздің дініміз бен ұлтымызға қауіп төндіргенін және біздің де ешқашан басқаларға қауіп төндіруін қаламаймыз. Шынын айтқанда, дініміздебұғантыйымсалады.БұғанТүркістаняхудилерінің1300жылдық жағдайын мысалға келтіруге болады! Барлық Ресей мұсылмандары авто-номия (федерация) тәсілі бойынша басқарылсын! Міне, осыны іске асы-ру үшін біздер, Ресей мұсылмандары, әсіресе Түркістан мұсылмандары алдымен ескішіл және жаңашыл болып бөлінбей, айтысып-тартыспай, ортақ бір мәмілеге келу керек.Біз,Түркістан мұсылмандары,араларында орыс, яхуди немесе басқалары да бар, Ресейдің бір бөлігі деп есептелетін Түркістанның өз мәжілісі мен парламентінің болғанын қалаймыз! Алды-мызда атқарылатын көп жұмыс бар. Басқа халықтар үлкен табыстарға қол жеткізуде. Қайталап айтамын, жасымыз бар, кәріміз бар — бәріміз бірігіп әрекет етейік. Олай болмаса, бізге азаттық та, автономия да берілмейді»,—деп жазды.


Түркістан автономияшыларының автономия жөніндегі түсініктері мынадай еді: Түркістанның өзіне тән заңы,атқарушы ұйымдары және жалпы жұмыстарды жүргізетін өз үкіметі болу керек. Түркістандағы білім беру мен жергілікті жерді басқару, сот әкімшілігі мен жер мәселелерінің барлығын жергілікті автономия үкіметі тәуелсіз түрде шеше білуі тиіс.Ал сыртқы саясат, қаржы және әскери істер Ресей Фе-дерациясы үкіметінің құзырына кіруі мүмкін.


Бұл      орайда        автономия         жолындағы         нақты        әрекеттердің айқын көрінісі ретінде Түркістан мұсылмандарының ІІ және ІІІ құрылтайларын ерекше атап өтуге болады.


Ташкент қаласында 1917 жылы 8–11 қыркүйек күндері арасында өткен Түркістан мұсылмандарының ІІ құрылтайына 100 астам деле-гат қатысты. «Шура-и ислам» ұйымы тарапынан ұйымдастырылған бұл құрылтайда Мұстафа мәжіліс төрағасының орынбасары болып сайланды. Соның алдында ғана Уақытша үкіметтің ресми шақыруы бойынша Петерборда болып, онда Үкімет басшысы Керенский-мен және оның Ішкі істер министрімен кездесіп қайтқан Мұстафа, құрылтай делегаттарына елдегі саяси ахуал туралы баяндап берді.


Түркістан мұсылмандарының ІІІ құрылтайы 1917 жылы 17–20 қыркүйек күндері арасында болып өтті. Негізінен «Улема жамиғаты» қоғамының бастамасымен шақырылған бұл құрылтайға халыққа та-нымал молдалар мен көпшілікке сыйлы мұғалімдер,түрлі мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін танымал тұлғалардан тұратын 500-ден астам өкіл жиналды. Түркістан уәлаятының барлық облыстары-нан дерлік делегаттар қатысқан құрылтай жұмысында Орал, Торғай облыстарының да бірнеше өкілі болды. Делегаттар арасында молда-лар мен медресе оқытушылары, демократиялық өзгерісті жақтайтын мемлекеттік қызметкерлер мен зиялылар, әр түрлі мамандық иелері мен студенттер бар еді. Құран оқылып, беташары батамен басталған құрылтай                       жұмысында        маңызды        шешімдер        қабылданды.     Бұл шешімдердің ішіндегі ең маңыздысы — ұлттық автономия мәселесі бойынша қабылданған шешім еді. Құрылтай жұмысы Түркістан мұсылмандарының «федеративті демократиялық Ресейдің құрамында автономия жариялау» туралы шешім қабылдады. Бұл молдалар мен медресе оқытушыларының, ишандар мен имамдардың автономия-ны жақтайтынын анық көрсетті. Әсіресе Мұхаммед Қожа ишан мен Сыддық Қожа ишанның сөйлеген сөздері делегаттарға әсер еткені сондай, құрылтай соңында дереу Түркістан автономиясын жария-лау туралы ұсыныс түсті. Дегенмен, бұл әсіре сезімнен пайда болған үстірттеу шешім еді. Сондықтан, бұл ұсыныс қолдау таппай қалды. Құрылтайдың соңғы күні Бүкілтүркістан мұсылмандарын біріктіретін партия құрып, оған «Иттифақ әл-муслимин» деген ат беру туралы мәселе көтерілді. Жәдитшіл бағыттағы «Шура-и ислам» мен «Тұран» ұйымдарының жергілікті жерлердегі бөлімшелерін жауып, олардың орнына облыстарда осы партияның бөлімшелерін ашу туралы ұсыныс мақұлданғанымен, оның арты дауға ұласып кетті.


Түркістанда осындай оқиғалар болып, мұсылмандар арасындағы алауыздық     өршіп,     бірін-бірі     мойындағысы     келмей,     жік-жікке бөлініп, жеке құрылтайлар жасап, өзара айтысып жатқан кезде екінші жақтан саясат сахнасында жаңа күш белең алып келе жат-ты. Ол — большевиктер еді. Қыркүйек айының бас кезінде Ташкент-те бүлік ұйымдастырып, бүкіл биліктің Кеңестерге берілуін талап еткен социал-демократтар мен большевиктер төңкеріс комитетін құрып, өздерінің Түркістан комитетін танымайтындықтарын ашық түрде жария етті. Алайда олардың бүлігі ұзаққа созылмады. Бүлік ту-ралы хабар Петерборға жеткеннен кейін Керенский үкіметі жергілікті комитеттің Түркістанға қарулы жасақ жіберу жөніндегі өтінішін қанағаттандырды. Керенский Мұстафаға берген уәдесінде тұрып, Түркістанға комиссар тағайындады. Қазан аймағының қолбасшысы генерал Коровниченконың Түркістанның бас комиссары болып тағайындалып, ауыр қолмен жолға шыққанын естіген большевиктер алғашқы райларынан қайтып, сабасына түскен кейіп танытты. Үміт оты қайта оянды. Енді мүмкіндікті қалт жібермеу керек. Осы ойға бекіген Мұстафа тез жолға жиналып,генералды Түркістан комитетінің мүшесі ретінде Ақтөбе станциясынан күтіп алды.


Көп уақыт өтпей, Уақытша үкіметті құлатқан большевиктер пар-тиясы үкіметбасына келді.Билігін күшейту үшін патшалық езгісіндегі ұлт өкілдеріне,шығыс халықтарына арқа сүйеуге үміт артқан больше-виктер, «Ресейді мекендеуші барлық ұлттардың өзін өзі билеуіне шын мәнінде қамтамасыз ететіндіктерін» мәлімдеді.


Ресейде шовинизм белең алып тұрған бұл кезеңде дәл больше-виктер сияқты бодан ұлттарға «жанашырлық» танытқандар жоқтың қасы болатын. Большевиктер көсемі В.И. Ленин 1913 жылы «Просве-щение» журналында жарық көрген «Ұлт мәселесі жөніндегі сын за-меткалар» атты әйгілі мақаласында «Кімде-кім ұлттар мен тілдердің тең праволылығын мойындамайтын болса және қорғамайтын бол-са, ұлттық езгіге немесе правосыздық атаулыға қарсы күреспейтін болса, ол марксист емес, ол адам, тіпті, демократ та емес», — деп жазған еді. Пролетариаттың жетекшісі 1914 жылы жарық көрген «Ұлттардың өзін-өзі билеу правосы туралы» атты мақаласында да өзін ұлттардың шынайы жанашыры ретінде көрсетуге тырысты. 1896 жылы Лондон қаласында өткен социалистік жұмысшы партиялары мен кәсіподақтардың халықаралық конгресінің шешімдеріне қолдау білдірген аталмыш мақалада ұлттардың өзін-өзі билеуі мен өз алды-на дербес мемлекет құруын жақтаған В.И. Ленин: «Біздер, пролетар-лар, күні бұрын өзімізді великорус артықшылығының жауы деп жария-лаймыз»деп бүкіл әлемге жар салды.Бұл ұстаным большевиктер билік басына келген алғашқы кезеңде де жалғасты.Төңкеріс болған жылдың 2 қараша күні Ресейді мекендеген халықтарға ерікті түрде өзін-өзі би-леу хұқын берген «Ресей халықтары хұқықтарының декларациясы» жарияланып, 1917 жылы 20 қараша күні В.И. Ленин мен И.В. Ста-лин қол қойған «Халық комиссарлары кеңесінің Ресей мен шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына үндеуі» жарияланды. Бұл үндеу әрбір мұсылманның жүрегіне берік орын алардай әсерлі жазылған еді: «...Ресей мұсылмандары, Еділ бойы мен Қырым татарлары, Сібір мен Түркістан қырғыздары (қазақтары) және сарттары, Закавказье түріктері мен татарлары, Кавказ чешендері мен тау халықтары, Ре-сей патшалары мен қанаушылары тарапынан мешіттері мен ғибадат ету орындары қиратылып, діні мен әдет-ғұрыптары тапталып келген, барша жұрт! Бұдан былай сіздердің діндеріңіз бен әдет-ғұрыптарыңыз,сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз еркін деп,оларға ешкім қол сұқпайды деп жарияланады. Өздеріңіздің ұлттық өміріңізді еркін және кедергісіз құра беріңіздер. Сіздердің бұған хақыларыңыз бар.... Шығыс мұсылмандары,парсылар мен түріктер,арабтар мен үндістер! ...Біздер құлатылған патшаның Константинопольді басып алу туралы құпия шарттарының —құлатылған Керенский қолдаған шарттардың —бұдан былай жыртылып, құртылғанын мәлімдейміз... Біздер Персияны бөлісіп алу туралы шарттың жыртылып,құртылғанын мәлімдейміз....Сіздерді құл ету қаупі Ресей мен оның революцияшыл Үкіметінен төніп отырған жоқ, қайта Еуропа империализмінің жыртқыштарынан, сіздердің елдеріңізді бөлісіп алу үшін қазіргі соғысты жүргізіп отырғандардан, сіздердің отаныңызды ұрлап және тонап отыратын өз отарына айналдырғандардан төніп отыр».


Бұл мәлімдеме жөнінде Мұстафа Шоқай кейінірек «Яш Түркістан» беттерінде жарық көрген «Кеңестік Қазақстанның 10 жылдығына орай» атты мақаласында: «Большевиктердің 1917 жылғы таратқан мәлімдемесін оқысаңыз,онда «Яш Түркістанға» тән көптеген пікірлерді кездестіреміз. Ол мәлімдемеде Түркістан халқының құқы мен мүлкінің қорғалуы қамтамасыз етілетіні туралы айтылған еді. Әңгіме оны-мен ғана шектелмейді. Олар түрлі Кеңес конференцияларында қаулылар да қабылдады. Бұл қаулыларда Түркістан халқының, оның ішінде қазақтардың тартқан азап, көрген қорлықтары, бұдан былай мұндай озбырлықтарға жол берілмейтіні, патша үкіметі тарапынан жүргізілген саясаттың зардаптары және оны жоюдың қажеттігі тура-лы айтылады. Осылардың бәрі Түркістан халықтарының да талапта-ры болатын» деп жазды.


Дегенмен демократиялық тәсілмен жазылған бұл үндеудің алдам-шы айла екендігі бірден сезіліп қалды. Үндеу жарияланбай тұрып-ақ, 11 қараша күні Колесов, Тоболин және Успенский басшылығындағы жергілікті революциялық комитеттөңкеріс жасап,Ташкенттегі билікті тартып алды. Қантөгіс 4 күн бойы толастамады. 7 қарашада (ескі күнтізбе бойынша 25 қазан) басталған соғыс 4 күнге созылды.Генерал-комиссар және Уақытша үкімет мүшелері Қорғантөбені паналады. Мұстафа Ташкенттің ескі шаһар бөлігінде болғанымен, жағдайды білу үшін Қорғантөбеге күн сайын келіп кететін. Көтерілісшілермен келіссөз жасау Мұстафаға тапсырылды. Большевиктердің штабына барған ол келісімге келе алмай, әрең қашып құтылды. Кейін боль-шевик және социалист-революционерлердің өкілдерімен Ташкент шаһарында кездесті. Әйтсе де оның келісімге келу туралы талпыны-сынан нәтиже шықпады.


 


Мұстафаны қинаған мәселе бір бұл емес еді. Оның жаны-на ауыр батқаны — Түркістанның тағдыры шешілер осы тұста түркістандықтардың көбінің бұл тартыстан бейтарап қалуы болатын. Олардың арасында большевиктердің Уақытша үкіметке қарсы күресін «түркістандықтарды қызықтырмайтын, Ресейлік партияларының арасындағы ішкі қақтығыс» ретінде пайымдайтындар көп еді. Олар «орыспен орыс қырқыса берсін» деп келте ойлайтын. Үкімет тізгіні кімнің қолына тисе, сол тараптың бел алып кететінін болжай алмайтын.


Қарашаның 15-і мен 22-сі арасында Ташкентте өткен Кеңестердің ІІІ құрылтайы, Түркістан Халық комиссарлар кеңесін сайлады. Жергілікті халық өкілдері қатынаспаған құрылтай,қарашаның 25-інде Халық Комиссарлар Кеңесінің өкімет билігін толық қолға алғандын жариялады. Бұл кеңеске ешбір түркістандық мүше болып кірмеді. Ол ол ма, құрылтай соңында мәжіліс төрағасы Колесов жергілікті мұсылмандарды билікке жақындатпау туралы пікірін бүкпесіз ашық айтты. Оның пікірінше, пролетарлық түсініктері қалыптасып жетілмеген жергілікті халық өкілдеріне жете сенуге болмайды екен. Ол осылайша Петербордағы саяси көсемдері жасаған үндеудің алдам-шы сөз, жалған мәлімдеме екенін сол сөзімен-ақ дәлелдеп берді.


Большевиктердің келуімен бірге Уақытша үкімет жұмысын тоқтатты.     Ташкентте         генерал-комиссар     тұтқындалып,     Доррер өлтірілді, қалғандары қашып кетті. Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті мүшелерінен Ташкентте жалғыз Мұстафа ғана қалды. Сондықтан билікке қарсы ұйымдар одан жаңа үкіметке қарсы күрестің орталығы болатын үкімет құруын өтіне бастады. Бұл оңай шаруа емес еді.Күресті нәтижелі жалғастыра білу үшін қолында құрал да,мүмкіншілік жоқ болатын.Ал әскерсіз қандай күрес болуы мүмкін?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу