Эсселер ✍️

  04.05.2023
  143


Жастар психикасы мен суицид

 


  Суицид – психикалық тұрғыдан тұрақсыз және рухани әлсіз адамдардың өзіне – өзі қол жұмсауға бейімдігі. Әсіресе, жастар мен балалардың арасында суицидтік әрекеттер күннен – күнге көбейіп, олардың дене мүшелеріне қасақана зақым келтіріп, өз – өздеріне қол жұмсауы қазіргі таңда үлкен қоғамдық мәселеге айналып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, жер бетінде 40 секунд сайын бір адам өзіне қол жұмсайды екен. Халықаралық мамандар жасөспірімдердің денеге зақым келтіруінің барлығы психиқалық ауытқу мен суицидке әкелмеуін көрсеткенімен, осындай балалар өз – өздеріне қол жұмсауға бейім болатынын ескеру керек. Айтылған әрекеттер балалар бойында шамамен 7 жаста байқалып, 12 – 15 жас аралығында көрінеді. Ал неліктен біздің Қазақстан жерінде де осындай мәселе бар? Бұл суицидті алдын алу жолдары бар ма?


     Қазақстанның Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы еспке алу жөніндегі комитетінің айтуы бойынша, 2022 жылы орын алған суицидтік оқиғалар саны 4 мыңнан 3,7 мыңға азайған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда, орташа деңгейді көрсетіп тұр. Ал биыл, 2023 жылы қаңтар – ақпан айларында 526 суицидтік оқиға орын алғанымен, бұл көрсеткіш еліміз үшін жаман емес нәтиже. Себебі, бұл алдыңғы жылдардан 5 аз. 2022 жылы Қазақстан суицид саны бойынша 20 – орында, ал 10 – 19 жас аралығындағы жастар бойынша 10 – орында тұрды. Еліміздегі мамандардың айтуынша суицидке итермелейтін басты себеп – жалғыздық. Бұл жалғыздық депрессия ауруының белгісі. Жасөспірімдердің бұл қадамға баруын болдырмау үшін қандай шаралар жүргізсе болады?


     Ең алдымен, мектеп пен колледж және университет қабырғаларындағы психолог мамандардың біліктілігін арттырып, оларды нағыз маман етіп даярлау қажет. Себебі, жастар күнінің тең жартысын осы мекемелерде өткізеді. Ал психологтар басқа жұмыстармен емес осы мектептегі әр баланың жағдайын біліп, олармен нағыз дос болып, баланы ашып, тани білуі тиіс.


     Екіншіден, жалғыздық, қажетсіздік пен депрессия сезімдері болмау үшін жастарды ұжымдық қызметтерге тарту керек. Оларға арналған жылы орта мен құрбы-құрдастар және достардың болуы өте маңызды. Егер де осы ортадан өздеріне жақын серік тапса, бұл олардың екінші отбасысына айналып, өздерінің бұл әлемде орындары бар екенін сезінуге көмектеседі. Сонымен қоса, депрессия секілді сезімдерден арылуға да үлкен септігін тигізеді.


     Қорыта келсек, суицид био-психо-әлеуметтік проблема. Бұл проблемамен кешенді түрде айналысу керек. Жылдық статистикаларға көз жүгіртсек Қазақстанда бұл қоғамдық мәселе өз шешімін тауып келеді. Жастар өміріндегі болып жатқан жайттарға қарсы тұра алатын, психикалық тұрғыдан өте мықты әрі қоғамда өз орындарын таба алатын мықты азамат болатындарына мен сенемін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу