Өлеңдер ✍️

  15.04.2023
  124


Автор: Қожа Ахмет Яссауи

ХАҚ ШАРАБЫН ІШКЕН ЖАНДАР

Хақ шарабын ішкен жандар есі танып,
Қиямет күн ауыздан от шашар, достар.
Құдіретпен жаратылған жеті тамұқ
Ғашықтардың зар үнінен қашар, достар.
Тағатым жоқ бір мысқал да – ғашықта бар,
Дозақ жылап берер Хаққа сасып хабар.
Хақтың сонда панасына қашып барар,
Ғашықтардың жасыменен ұшар, достар.
Шын ғашықтар құрған дүкен ғажапты ашар,
ИншАлла, ырас, одан қорқып дозақ қашар.
Жасын шашып,
кеудені ашып,
азап басар,
Жеті ғалам тағат таппай көшер, достар.
Рахман-сахи берсе маған асыл шарап,
Барлық тірлік мұқтажынан кешірсе пәк.
Көкіректен әзәзілді қашырса – Хақ,
Қылмыс, күнәм тұл бойымнан өшер, достар.
Ғашық хәлін ақиқатқа қақпа қылса,
Екі ғалам нұры сонда ақтарылса.
Шын ышықтан жүрек балқып Хақ сағынса,
Ғашық құлдар Хақ сарайына ұшар, достар.
Сұбхан Ием шарабынан құрсан* табам,
Зікір сырын айтып-айтып қылсам тәмам.
Үр-ғылмандар, періштелер тұр самсаған,
Жәннаттағы жібектен тон пішер, достар.
«Алла!» – десем, ғалам жылар жанын сөгіп,
Ием сүйер, хас пендем деп, нәрін сеуіп.
Жүзін бояр жас орынына қанын төгіп,
Әлхамды айтсаң, шайтан жаннан күсер, достар.
Мен айтпадым, Аллам өзі қылды уәде,
Жолсыз едім, хақ жолына бұрды және.
Қолымды алды, қашты менен түрлі бәле,
Ондай ғашық шауық шарабын ішер, достар.

 Құл Қожа Ахмет, имансыздар жанын езер,
Хақ дидары нәсіп емес қаныпезер.
Ғаршы-Күрсі, Лаухы-Кәләм – бәрі безер,
Кәпірлерге дозақ есік ашар, достар.


------------------------------
Құрсан* – рухани шаттық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу