Өлеңдер ✍️

  15.04.2023
  126


Автор: Қожа Ахмет Яссауи

ҒАШЫҚ ДЕРТІ

Ғашық дертке ем сұрама, әсте, тегі,
Ойран қылып кетеді оның дауасы жоқ.
Жан қиналып, жасың ағып, ес кетеді,
Ол бір дерт қой ей, достарым, шарасы жоқ.
Ғашық оты бермес, сірә, жанға шыдам,
Жаны күйсе шығар түтін ағзасынан,
Бауырын оның шұрық тесік қып қан жосыған,
Сыртқа, бірақ көрініп тұрған жарасы жоқ.
Кім не таппақ – Құдай болмай дерт-құмары! –
Көбелекті махаббаты мерт қылады,
Көре тұрып өзін-өзі өртке ұрады,
Пайда-зиян дегенмен еш шаруасы жоқ.
Бұрылмасаң шайтан салған ізден қырын,
Ей, бейхабар, із қалмайды сізден де ырым.
Сан керуен сапар шеккен бізден бұрын,
Бұл – опасыз фәни жалған, таласы жоқ.
Хаққа жеткен даналардан жолды сұра,
«Илл-Алламен» қарсы алғайсың таңды, сірә.
«Һу» сұхбатын құрған жерден жанды шыра,
Нұрмен шайған жүректердің қарасы жоқ.
Құл Қожа Ахмет айтты, достар, есті мұны,
Қап тауындай тастар тисе – өшті мұңы.
Зар еңіре – естілгенше Достың үні,
Олла-биллә, ғашық дерттің дауасы жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу