Өлеңдер ✍️

  13.02.2023
  221


Автор: Әділет Ахметұлы

СӘУІР ТАМШЫЛАРЫ

Алматыға түнімен жауды жауын,


Сәтке болса басылды қалжырауым.


Шіркін-ай, мынау ұлы табиғаттың,


Қарашы, қам-қайғысыз маужырауын!


 


Лаулаған жанның өртін түн басады,


Жүрегім ай-жұлдызбен мұңдасады.


Қызылтанау дүние ырықты алған,


Түтек сіңген түрі де тым қапалы.


 


Тым қапалы тіршілік ырықты алған,


Сайгүліктей сап ойлар құрықталған.


Ақ сұңқар құс секілді арман қайда,


Абайсызда қанаты сынып қалған.


 


Жаңбырлы түн жаныма жақын менің,


Ақ жауыннан жаралған ақын ба едім?


Ақ жауын мен қара жер жырым болар,


Тоқтағанша бір күні ақыр демім.


 


Жауынды өмір айналған ән-жырыма,


Бала күнім тіл қатты жаңғырыға.


Әжем менің төбемді көп төсеткен,


Сәуірдің ақ сауындай жаңбырына.


 


Ақ жауынға төбемді көп төсегем,


Жасындай жарқ-жұрқ етіп от көсегем.


Алтайдың қою бұлты жомарт еді,


Содан болар көп жаздым өшпес өлең.


 


Мен даламның тазарғам жауынымен,


Мен даламның ширадым дауылымен.


Ойға түспей келемін желе-жортып,


Кілең биік шыңдардың бауырымен.


 


Асқақтықты алғанмын биік шыңнан,


Рухым мынау аспанға тиіп тұрған.


Дарқан ауыл, нулы өзен, тарпаң дала,


Бекзадалық болмысын жиі ұқтырған.


 


Жауа бер, Алматының ақ жауыны,


Сен ұлы, өлең ұлы, таулар ұлы.


Самалдықта тапжылмай күттім сені,


Сызылып көрінгенше таң бауыры.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу