Өлеңдер ✍️

  10.02.2023
  355


Автор: Мирас Асан

Мен өзім бе...

Мен өзім бе расында бұл егілген?
Сыртым бүтін ішім от, тілегім кем.
Жүрегімнен туады жақсы көру,
Жек көру де туады жүрегімнен.

Кебісі тар жүйрікпін желісі кем,
Өресі тар жүлікпін өрісі кең.
Қамқорлық та жасаймын қол ұшымен,
Жемқорлық та жасаймын жең ұшымен.

Құшағымды құлаштап жаямын да ем,
Түртпектейтін тағы мен таяғыммен.
Аяғыммен барамын қиянатқа,
Мешітке де барамын аяғыммен.

Сорлылығым сол шығар соқырлығым,
Адамдыққа жетпей тұр ақыл, құным.
Әйбәт өлең шығатын ауызымнан,
Ғайбат өсек бұрқырап отыр бүгін.

Көпке зиян, жалғызға пайда қылдық,
Обаны аттап ойсыздау тойға кірдік.
Біреуге у ұсынған кесемменен,
Өзім су ішіп отырмын, қайда әділдік?



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу