09.02.2023
  331


Автор: Жабал Ерғалиев

Жаңбыр жаумаған жаз

Үрпиген дүниенің үрейін ала биылғы үркер тасқа түсті...


Әуелден күн райының құпиясы мен құбылысының жеті амалын жете білетін жетелі үлкендер жағы мына үркердің көкжиекке жақындай келіп, тасқа түскенін көрсе... бір жаманшылық болар деп іш тарта қалатын.


Сусыма құмның арасындағы соғыс әрекеттері жүріп жатқан әлдебір араб елінің жаз бойы жанып жатқан мұнай өртіне қос қанаты бірдей күйген шала жансар тылсым тіршіліктің қара түндігінен будақтаған қара түтінінен жасаған дүниенің төрт бұрышы да тұншығып бара жатқандай еді.


Жер үстінің тоңы жібіп, топан суы қайтқалы шаңқайынан шақырая шығып келе жатқан күн көзінің шарпыған жалыны күйдіре алмаған шағыл құмның бауырымен жорғалаған бар тіршілігін мына өрт аяусыз жалмап келеді. Сол өрт шалып, қос өкпесі қабынып, алқынып жатқан дауасыз дүниенің келер күндерінен үмітін үзбей, бір ауыл болып ала жаздай ала аспанға телміре қарағандарымен, жарықтық бір тамшы жауын тамсайшы!


–Құдайдың мына күні тағы шақырайып кеткен екен, бұл бүгін де жаумайын дегені ме, ә?.. Қап әттеген-ай, ә... егін-шөп күйіп кететін болды-ау енді?!.


Жасаулы тұрған таңғы шайын ішуге отыра бере көңіліндегі күндегі уайымын жасыра алмаған Бекіш қарттың бұл дегені бір үйлі жанның ішінде әуелі өз әйеліне жақпай қалды.


–Күйіп кетпек түгілі, –деді екі көзі қанталаған салпы ерін бәйбіше ытырынып:--Жанып кетсе де, онда не ақың бар осы сенің?! Шайыңды іш онан да! Немене әлі күнге дейін біргәдірлігіңді ұмыта алмай жүрмісің?!


Аяғын бұзау басып кеткендей долырып шыға келген әйеліне ежелгі ғадеті бойынша ләм-мим деп жауап қатпаған қалпы ол да өзінің шайын сораптауға кірісті.


Осы үйдің қазанын қырып келе жатқанына да қырық жылдай уақыт болғандығына қарамастан қабағына қар жауған қалпы түнеріп отырар түрі осы байғұстың. Бойға біткен мінезі де бұл! Түзелмесіне де, өзінің түзей де алмасына көзі әбден және де баяғыда жеткеннен кейін барып, әйеліне жұдырығын ала жүгіруді бұл да қойған. Сабағаннан сабасына түсер болса Бекіштің осы Мәриямі-ақ адам болып қалар еді-ау! Ол жеңді, бұл жеңілді. Жеңістік бермей-ақ қойған әйелдің ығына шығып, ыңғайына жығылып, айтқанын істеп, айдағанына көнгеннен басқа лажы да қалмады. Төркініне жас кезінде-ақ апарып тастағысы келіп еді, шекесі торсықтай екі ұлын қимағанынан бұрын, қалтасындағы қызыл билеттің қаһарынан қорықты. Ол кезде өзің коммунист болып, өзің   қатын жіберіп қойсаң, итжеккенге айдалмағаныңмен де, соңыңнан ит қосып, айтақтап, айқайлатар ағайыннан ығынған. Және де әйел затының ішіне қызғаныштың қызыл шоғы бір түспесін деңіз! Сол қызыл шоқ бір түсті ме, ол өзін де, жанында жатқан байы сені де сол қызғаныштың қызыл қоламтасымен өмір бойы қақтап өтеді екен-ау. Бекіш осы ауылдың бригадирі


 


болып жүрген сонау бір жылдары орталықтан жаз бойы осы ауылға ас пісіруге жіберіліп жататын целинщик қыз-қырқыннан қызғанып, төсегінде дөңбекшитін Мәриямінің жаңағы «біргәдірлігіңді ұмыта алмай жүрмісің» деген кекесінінің көңіл кесесінің түбінде қалып қойған баяғы сол... сол бір жылдардың қызғанышынан қалған бір тамшы уы болатын әлі де қыжылдап жатқан.


Қайыңның қызыл шоғымен бұқтырылып әкелінген ақ самауырдың суы орталанған тұста маңдайы жіпсіген Бекіш үнсіз жымиды. Есіне әр ненің түскені де бұл.


–Сайтаның елестеп отыр ма көз алдыңа?! Бол енді, сораптамай! Сүт тартуым керек!..


Тағы да өзінің Мәриямінің айтқаны бұл! Үйренген, үйренгені былай тұрып... тіпті құлағына қазір майдай жағатын осы бір үр үнінің ар жағынан осы бір әйелінің өзіне деген жүрек түкпірінде жатқан әлдебір тәтті сыбысын еститін. Табиғатынан тұйық, оның үстіне «қырық жерден тыйым» көріп өскен қазақ қызы қашан да болсын құшағында жатқан еріне де еркін еркелей алмай, тұла бойында булыққан сезіміне де ерік бере алмай қыстығып, қысыла-қысыла қыз, ұяла-ұяла ұл табатын әйтеуір. Обалы нешік, қысылса да, ұялса да солардың көбі қазіргінің қызыл ерін бес-алты әйелі жабылып таба алмайтын он шақты баланы бір өздері-ақ қиналмай-ақ туып тастай беретін батырлықтары да болушы еді. Заманына орай қайтсе де бала тумаудың әдісін де, дәрісін де тапқалы, салт басты, сабау қамшылы қыз да, келіншек те көбейгені бір басқа, сор болғанда талай бір күйіп-жанып қосылған қосақтардың бір төсектегі қызықтары да ұзаққа бармай жүр. Үйленбей жатып, мінездері үйлеспей қалатындықтарын қайтерсің солардың?! Оңып тұрған мінез мұның мына Мәриямында бар еді деп кім айта қояр, кәне?! Үйленген екен... үйлесті де, үйренді де... сосын көнді де бәріне...


Екі қолын кеудесіне қойып, адалын айтар болса әуелде Бекіштің де көндіккісі жоқ болатын. Бас асауы бар мұның бұлаң кезінің бұлтағына салғызбаған жарықтық әкесі еді. Көңіліндегі қалмай қойған қызғаныштың табасына салып қуырып ала жөнелген Мәриямінің улы тілімен шаққанына онан әрі шыдай алмай, босағада ілулі тұрған қамшысын алып, шыңғыртып, шырылдатып, жан дауысын шығарып сабап жатқанының үстіне әкесі түскен.


–Тәйт әрі,-деп ақырды айбынды әке. –Қатын сабағышын қарай көр мұның!..


Сол жолы сол әке төркініне кетіп қалған келінінің соңынан үлкен басын иіп өзі барған. Даладан тұнжырай келіп, кешкі асын асығыс-үсігіс ішіп бола берген Бекішке әкесі: –Отыра тұр,–деген. – Сен шаруаңнан қалмай-ақ қой, ана Үлгіліге өзім барып қайтқалы отырмын. Келінді алып келейін! Сабасына түскен болар ол да!..


Бекіш үндей қоймады.


–Әй, неге үндемейсің?! Қатының керек жоқ па әлде саған?..


–Керек қой енді... – деген Бекіш басын көтеріп.


–Керек болса, бұдан былай қатыныңа қол салғаныңды қой!


 


–Жарайды, –деп мұрнының астынан міңгірлеп қана жауап беріп отырған ұлына, әмірші әке ғұмыр бойы ұмытыла қоймас тағы бір өсиетін қалдырған еді сол жолы.


–Мынаны көрдің бе, –деген жарықтық әкесі жаңа ғана мүжіп тастаған қойдың қабырғасын қолына алып. – Мына қабырғаның басы қисық па, ей?!


–Иә, қисық...


–Иә, болса, құдай әйелді әуелде ер адамның қабырғасынан жаратты деген сөз бар. –Қабырғаның                    мына қисық біткен басын түзете алар ма едің?!


Тумысынан жуастау Бекіш әкесіне бір, қабырғаның қисық басына бір жалтақтап қарап отырып, өзінің сауалына өзі жауап беріп, сөйлеп кеткен әкені онан әрі тыңдаумен болды.


–Ешқашан түзете алмайсың!.. Түзетемін деп көрші кәне, сынып кетсін. Ендеше, әйел де сол сияқты. Қатыныңды түзетемін деп енді әуреге түсуші болма. Жазым қыларсың...


Жарықтық әкенің сол жолғы айтқаны есіне түсіп жымиғаны сол еді Бекіштің...


–Ата, осы... барлық ауыл болып күйдіріп жіберді деп күнде құдаймен ұрсыса бергенше, сол құдайдан жаңбыр тілеп, тасаттық неге бермейсіздер?..


–Ә!.. Ойбай-ау, не дейт мынау?!.


Төрдегі түгі шыққан қызыл-ала текеметтің үстінде ала мысықпен алаңсыз ойнап жатқан немересінің мына сөзі аспаннан жай түскендей әсер етті. Ә дегенде не айтарын білмей қалған Бекіш қарт қуанғаны болар, екі иығы селкілдеп, көзінен жас парлағанша рахаттана күлсін-ай келіп.


–Әй, күшік, сен оны қайдан естіп, қайдан біліп жүрсің?!



  • Білемін!..


Атасына өзінің ұнағанын ұға қалған есті бала масаттанып қалды.


–Ой, құлыншақ! Аузыңа бұл сөзді құдайдың өзі салған болар?! Рас-ау, осы біз несіне тасаттық бермей жүрміз, ә?!


–Мына Ұлан ғұрлы миларыңның жоқтығы да!


Қабағына сәл-пәл болса да жылылық орнаған Мәриям тағы да мұны іліп қалды. Ілгені болмаса , зілі жоқ бұл жолғы оның да көңілінен немересіне деген жан шуағы төгіліп тұрған еді.


Аяқ астынан әбігерге түсе қалған Бекіш сөйлене жүріп, далаға шықты. Ұлы шілде аптабының оттығынан соғып тұрған аңызақ жел бірден тынысын тарылтып жіберді. Ауаның өзі алаулап жанып тұрғандай. Жаппа қораны паналап, құйрығын сабалап, соналап тұрған тор биенің оқта-текте пысқырғаны болмаса, бөтен тіршіліктің өзге белгісін байқай алмады. Тіпті ауыл қотанының өзі қаңырап, бос қалғандай. Миыңды қайнатып, аузыңа түсірер шақырайған күн көзінің күйдіріп әкетіп бара жатқан жалынынан жан сақтарлық көлеңке іздеген. Сөйтіп тұрғанда осы ауылдағы он қаралы неміс түтінінен қалған жалғыз тұқым Карлдің дарылдаған мотоциклінің даусын құлағы шалды. Ауылдың арғы басынан зулап келіп, жанынан өте берген Карлге: –Әй, тоқташы, –деп қолын көтеріп, белгі берді. Ол да өтіп барып, жалт бұрылды да, көшенің қою шаңын аспанға көтеріп, Бекіштің алдына келіп тұра қалды.


 


–Әй, Кәріл, кімге айтарымды білмей тұр едім, жақсы жолықтың-ау өзің! Мына күн болса күйіп кетті, ауыл болып жиналып, тасаттық беріп, құдайдан жаңбыр тілесек қайтеді осы ?!.


–Жөн... жөн, Беке! Баяғыда біздің бала кезімізде осы ауылдың үлкендері солай жасап жатпаушы ма еді?! Бұл ниетің дұрыс екен!


Бекіш өз ойының алғаш айтқан адамынан қолдауға ие бола кеткеніне шын қуанып қалды. Енді әр үйден тиын-тебен жинаудың, құрбандыққа шалар малдың жайы қалай болар екен деген ішкі ойын айтуға оқтала бергені сол еді:


–Әй, Беке, –деді Карл. – Бірақ осы бар ғой!...


–Иә, бірағың не!


Бекіш таңданған үнін жасыра алмады.


–Алты ай қыс бойы «Алла тағала аспанымызды ашық қылсын» деп ет жеп, арақ ішіп тілек айтушы едіңдер біріңнің үйіңе бірің омыртқаға барғанда. Енді сол Аллаларыңнан жаңбыр сұрағандарың... былай өзі... кішкене ыңғайсыздау да екен.


Сол арада ойып түскен мына сөзімен адал ойының айран асырын шығара салған Карлге тіс жарып, жауап қайтара алмастан, теріс айналып, тауы шағылып, жүнжіген қалпымен қайрадан өз үйіне келіп кірді.


–Үнжұрғаң түсіп кетіпті ғой, төбеңнен құдай ұра салғанның қай жағындасың?!


Сүтін тартып болып, ыдысына жұққан қаймағын саусақтарымен жалап отырған әйелі шалын тағы да шалып түсті.


–Мәриям-ау, сен қалып едің енді мені жер қылмаған!


Сыртқа шығарып айта алмаған ой тілінің осы бір назасымен булыққан қалпы салқын үйінің төріндегі бөстегіне келіп қисайған.


Келер аптаның келер жұмасында тасаттық береміз деп уағадаласқан шағын ауылдың шырқына көп ұзамай шырпы түскендей болды. Әуелде қарсылық білдіре қоймаған ауыл үй әр шаңырақтан ақша шығарып, соған соятын қой сатып алуға келгенде қинала бастағандары да болмай қалмады. Айтары жоқ, қой дегеніңнің бағасы да күйіп тұр. Шіркін, баяғыдай Мәскеу арағының бір бөтелкесіне бір қойды өңгеріп алып жүре беретін заман қайда енді. Құйымшағы құрттап,сабалақ құйрығы күлдіреп жүрген қойының өзіне жүз доллар сұрағанда, қаның басыңа теуіп қалшылдап кеткеніңді де білмей қаласың.


–Ақ тауықтың артын аңдып, соның екі жұмыртқасының біреуін жеп, біреуін базарға шығарып күн көріп отырған менен не сұрайсың,- деген сылтауын айтып, сырт айналғандар көбейгенін көргеннен кейін, дәу де болса бір қойдың құнын шығарар қаражат жағынан бір қараса қалса өзінің құрдасы Құлынбайдың кекеш баласы Сағынтай көмектесер деген дәмесімен кеш түсе Бекіш сол үйге барған.


–А - а-а- ас-ас –салаумағалейкум, –деп қос қолын қусыра келіп сәлем берген Сағынтай өз әкесінің сыйлы бір құрдасын жылы қарсы алды.


 


Тілінің осы бір мүкістігі бар демесең, шаруасына пысық, кісілігі де мол, басқалай бір айып таға қоярлық міні жоқ, бір құдайға қараған дейтін осы елдің білікті азаматы осы Сағынтай.


–А-а-а- аға! Т-т-т-та-а- тасаттыққа ,–деп Сағынтай тұтыға сөйлеп, өзінің қорасында семіртіп отырған бір қойын ақысыз-пұлсыз беретіндігін айтқанда, бір малдың ыңғайы келе қалғандығына есі шыға қуанды.


–Алда, жарқыным-ай, мың жаса! Ниетіңді Алла жарылқасын!


Құрдасының баласына батасын беріп, көңілі бір орныққан Бекіш алдағы жұма күні берілетін тасаттықтың жай-жапсарын Сағынтаймен ақылдаса бастағаны сол еді, көшенің арғы бетіндегі қарама–қарсы үйдің кең қорасының есігі сықырлап ашылды да, іштен бірін-бірі сүйей-мүйей, әндете тәлтіректеген екеу шықты.


Көшкенде жылқы айдаймын а-ха-а-ау!..


–Пәлі, мына екеуінің әні бүгін де жараса қалыпты ғой?!


Етегіне ел қонып, Көкшетау атты қала түскелі көк желегі қиылы-қиыла қырқылып біткен Бұқпа атты жалаңаш бір тау бар жалғанда. Сол Бұқпа таудың бүгінгі айтақыр төбесіндегі әбден тозығы жетіп, кие-кие өңі де қашып, жапырая қалған таз басының тақиясындай сиықсыз да сұрықсыз


«Көкшетау оттары» деген әлде бір ресторанының толас таппайтын даңғазасынан шығып, күні бойы арпалысқан, аласапыран тіршіліктің тауқыметін тартып, көп көліктің көк түтінінен де тұншығып, қажыған да қамыққан, өз мұңы, өз сырымен бұйығып, күнбе-күнгі қалың ұйқысына кірер түнгі қалаға қарата талтая қалып шаптырар талайлардың сарындысын, еріген қар мен жауған жаңбырдан кейінгі жөңкілген қақ суын, көше-көшенің ласы мен лайсаңын сарқырата ағызып алып келіп, әлде қашан... мына дүние атаулыдан адалдық пен тазалық кеткеннен бері... тұнығы лайланған Қопа көлінің жағалауын қаулап өсіп кеткен қалың қамыс арасынан ағараңдаған шатырының ғана әр жері әзер-әзер көрінер, іргесі қисайып барып, бір жамбастап батпаққа батып жатып қалған жатаған көп үйлердің бірінде жасырын сатылып жатар қытай спиртінен қолдан арақ жасап шығаруды біраздан бері кәсіп етіп жүрген Серіктің шым қорасынан шығып, алқымдары ісініп, ахаулап, алқынып алдына келген мына екеуін көріп, тыжырына қалды.


–А-ға! Бізге ұр–ұрыс-паң-ызшы! Іш-сек, өз еңбегімізге іш-тік!


–Бұлдап жүргендерің қай еңбек осы сен екеуіңдікі?!


Ықылық атып, күрмелген тілдерімен әзер сөйлеп тұрған Қадырдың бетіне қарап еді, күлдіреп ісініп,іріңдеп тұрған аузы-басына сары ұшық қаптап кеткен екен. Жүрегі айнып, жерге бір түкірді де:


–Е, ішіңдер... ішіңдер, –деді қамығып. – Сендер ішпей қойсаңдар сол іспіртіңді жасап шығарып жатқан қытайыңның зауыты тоқтап қалып, көрші мемлекетке залал тигізіп жүрерміз. Ішіңдер... ішіңдер. Әй, айналайындар- ай!..


–Аға рахмет! –Іштік қой, міне! Ішіп жүрміз ғой, міне! Ішеміз...


 


Көшкенде жылқы айдаймын а-а-ха-а-ау!...


–Қой деймін, пәтшағар, бүкіл ауылды дүрліктірмей! Ән айтқан не теңің еді сенің?


– А- ға, мен не ән айта ал-май-мын-ба, ә?! Ай-та-мын! Дом-бы-ра бар ма, әкелш!..


–Әй, домбрист кончай,-деді Бейсенбай домбыра сұратып тұрған Қадырға. – Онан да тіске басар жейтін бір нәрсең бар ма, алғызшы үйіңнен,-деп Сағынтайға қарады. – Ішімді жалап барады. Көрсетемін мен оларға! Ана алаяқ Серіктің қатқан қара қатынынан закускаға тым болмаса бір тілім қара нан да сұрап ала алмайсың. Сайқал неме, қыруар бөтелкелерін жуғызып алды да, торғайдың тобығындай рөмкемен бір-бір рөмке іспірт берді де қуып жіберді. Ішім күйіп, жанып барамын.


–Кү- кү-Күләш! М... мы- мы- наларға ...


Сағынтайдың тілінің ұшында тұрған ойын айтпай-ақ түсінуге дағдыланған Күләш шошаласынан жаңа пісірген бауырсағы мен сары майын салған табағын алып шығып, алдарына қойды.


–Сенің қатының мынау, міне!..


Баланың жұдырығының басындай қызыл бауырсақты сары майға батырып алып, қомағайлана аузына салып жіберіп, мылжалаңдап шайнай бастаған Бейсенбай Сағынтайға қарап, бас бармағын шошайтты.


Осы ауылдың қабырғасы ғана қалқиып, үрейіңді алып, үңірейіп, қаңырап иесіз бос қалған шағын клубтың шамдары бір сөнбейтін замандардың талай да талай бір кешінде осы Бейсенбай мен Қадыр да үкілі домбыраларын ұстап қол соғып, қолпаштаумен                                                                 сахнаға да шыққан күндер болған. Қатар отыра қалып, бұл екеуі Дәулеткерейдің


«Қосалқасын» сылқылдата тартқанда, арқасы бар талай қазақ орындарынан бір тұрып, бір отырып желпініп те желігіп те қалушы еді. Осы екеуі болатын сол өнерлерімен аудан, онан әрі Көкшетау асып, ел ішінің өнерлі жастарының талай бір байқауларына да қатысып, мақтау естіп, сан мәрте жүлделер де алған. Бұларды   алға    салып,   мақтанып,


«ауылымыздың қос алқасы» деп мақтанып, мерейленген елдің қос бірдей өнерлі азаматтарының соңғы бірер жылдың аясында, енді араққұмар, «осы ауылдың қос алқашы» атанып, аза бастағандығына солардың заманын ба, әлде адамын айыптарсың ба?! Кәне, осы екеуінің кінәлісі қайсысы?! Айыпты кіміне тарттырарсың, соның қайсысын жазалап, қайсысына соғарсың дүреңді?!.


Заманының осы бір зар илетіп,өзегіңді тесер қасіретімен Бекіш қарттың жүрегі түн баласы жылап шықты. Ұйқы көрмей дөнбекшіген төсегінен ерте тұрып, өрісте тұсаулы жүрген биесін ұстап алып, салт мінді де, жолға шықты.


Көрші ауылдың көңілі жақын молласы Меңдібай болса ұйқысынан жаңа тұрып, таңғы шайын ішуге отыра бергені де жаңа еді.


–Апыр-ау, құлқын сәріден не ғып жүрсің? Ауыл-аймағың тыныш па әйтеуір?


 


–Аллаға шүкір! Тыныш, тыныш, Меке!


–Е жарады онда! Жамандамай жүреді екенсің, кел шайға отыр!


Ауыл үйдің амандығын сұрасып алып, өзекті өмірдің тағы бір таңының шәйіне қанып, сусындарын басып барып, қос қария әңгімеге кірісті.


–Тасаттық береміз деген ниеттерің жөн екен! Алла разы болсын!


Меңдібай молла сол тасаттық күні жаңбыр тілеу дұғасын оқып беруге өзіне қолқа салып отырған сыйласы Бекішке бұлданбай-ақ бірден келісімін берді.


Соған іштей қуанып, мәз болып отырған Бекіштің таң гүліндей ашылып, жадырап жайнай бастаған райхан көңілі әлгіндей болмай жатып солып қаларын кім білген?!


–Осы, Беке, сенің еліңнің ниеті жаман... Бекіш Меңдібай моллаға жалт қарады.


–Иә, неге олай дейсіз?


–Неге дейсің бе, айтайын!Анада әлгі... кімнің баласы еді асылып қалған?!.


–Смағұлдың ғой...


–Иә... иә...сол Смағұлдың баласының жаназасын шығарып бер деп қолқа салып өзің келгеннен кейін көңіліңді қимай бара қалып едім... Сондағы еліңнің жас өліктің жыртысына таласып, үйлеріне ет орап алып қайтып жатқандарын көріп түңіліп кетіп едім...


Бекіш үндей алмады.


–Ертең тасаттығыңда да солай болып жүрмесін, –деді Меңдібай молла сырбазданып. –Етке таласып зират басын дүрліктермесін. Соны қатты тапсыр еліңе!..


Бірер апта бойы өзінің елін тасаттық беруге әзер дегенде көндіріп, бар шаруасын ретіне келтіріп барып, көңілі бір жайланған Бекіш қарт   « Е, Алла, сәтін сала гөр» деген тілеуімен төсегіне жатқан бейсенбінің кешінен жұмаға ауған түн ортасында Серіктің шым қорасынан өрт шықты.


Түнгі аспанға өріліп барып, жалаңдап көтерілген қызыл жалынның ортасында қалған үй мен қорасына қарай тап-тап беріп, есі кетіп жұлқынып, зар илеп еңіреген Серіктің Гүлнәріна бес-алты әйел әзер ие болып тұр.


–Қу, құдай, құрттың-ау,- деп зарлаған әйеліне бір, өртеніп жатқан үйі мен қорасына бір жүгіріп келіп, жүгіріп кетіп жүрген Серіктің де кіресілі-шығасылы есі бар еді.


–Көк бөшкедегі көп іспірт жанып жатыр. Қап, түгі қалмайтын болды-ау,–деп өкінген Бейсенбай шарпыған жалыннан екі бетін қолымен көлегейлеп қорғаланып тұрған Қадырға айқай салды.


–Әй, есәләң, не ғып тұрсың?! Бол... бол... су... су әкелсейші! Атаңа нәлет, іспірт... іспірт жанып жатқан жоқ па, не ғып тұрсың, бол... бол!..


 


Бейсенбай досының “іспірт жанып жатқан жоқ па деген” жан айқайынан селт етіп есін жиып ала қойған Қадыр қолындағы бос қауғамен құдыққа қарай жүгірді.


Әлгіндей болмай жатып жел тұрып, әп-сәтте дауыл көтерілді де, өршіп алған өрттің қызыл жалынының қызыл шоғы ұшып барып Серіктің қорасымен жапсарлас салынған үйдің үюлі тұрған шөбіне түсті. Қырдың басын, ойдың түбін   қырып   қысқа дайындаған бір үйдің азын-аулақ шөбі шытырлап жанғанда, құдай сақтасын… жанына жан баласы жақындай алмады. Шөбі жанып жатқанын көріп әу деуге де шамасы келмей, сол үйдің байғұс әйелі талып жығылып, бала-шағасы улап-шулап жатқанда, соққан желдің екпінімен гуілдеген қызыл жалын келесі... онан кейінгі де біраз үйлердің от ораған төбесін қызыл тілімен жалмап, жалап жатқан еді. Солынан тұрып, желігіп алған желдің еліккен екпінімен бірге ойнаған қызыл жалын да әлде кімдерден... тіпті мына жер үстінің бар тіршілігенен алар өші бардай, енді сол кегінің қайтар кезі келгендей құтырынып, өрши түсті. Жалпақ жаһанның сайтан жайлаған бар сайтан дүниесін сол сайтанның өзінің отты тілімен әуелі бір жалмап, бір тазартып алып, сонан соң... сонан соң ғана тіршілікке қайра жан салып беріп, жаңартып, жаңалағысы келгендей жағаласып бара жатқан жаратқанның әмірімен Серіктің іспірт қорасынан басталған өрт таң қылаң бере ала жаздай бір тамшы жауын тамбаған шілденің аптап ыстығына әбден күйіп, қурай басып, қурап қалған егінге түсті. Қызыл дүниеге қызыққаннан көздері қызарып, есі де кеткен, есірік жүректерін жын да жайлағаннан бері бірінің етін бірі жеп, қанын ішуден де құдайынан қорқудан қалған күнаһар пенделерін шыжғырып қақтайтын дәл осындай оттың бұл дүниеде де барлығын... онан соң ... о дүниеде де болатындығын ұлыларым да... ұлықтарым да... ұрыларым да ұғар... ұғынар да ұр да жық мына заманның зар илеп, запыран құсқан тіршілігінің иелері тым болмаса ... ендігі арада... бір-бірінің көз жастарынан именер де иманына иілер деген үлпілдеген үкілі бір үмітін үзбей барып…сол өрт аудан орталығына жетер-жетпес аралықтағы тас жолдан аса алмай, бықсып барып сөнген еді.


Ауыл іргесіндегі талы мен терегі, ақ қайыңы аралас өскен қалың тоғайдың арасына жаз бойы ұры алмасын деп арқандап ұстап жүрген қарау Қалидың қоңыр биесі шідерін үзгенімен, қыл мойнындағы шынжырын үзе алмай, буынып арам өлді. Жал-құйрығы күйген екен. Жануардың жаны қиналса керек... құлын тастап жіберіпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу