09.02.2023
  147


Автор: Жабал Ерғалиев

ҚАРАСАЙ БАТЫР ЖӘНЕ БҮГІНГІ ДӘУІР

 


 


Қазақтың Қарасай батырының туғанына 400 жыл толуына орай Алматы қаласында 1998   жылдың    31           шілдесінде Қазақстан Республикасы      Ғылым           Академиясы     мен Алматы           облыстық      әкімшілігі      бірлесіп өткізген                                 ғылыми-теориялық конференциясында сөйленген сөз.


 


Құрметті ханымдар мен мырзалар! Ардақты зиялы қауым!


Адамзат дәуірінің жаңа бір кезеңі – ХХІ-ші ғасырдың босағасын аттағалы тұрған қазақ халқы өсіп, өркендеу, даму жолдарында өзінің көш-көлігімен талай да, талай бір қилы кезеңдерден өтіп келе жатқаны бар.


Егеменді ел болып ес жиған соңғы бір бес-алты жылдың уысына сыйған тарихи оқиғаларды саралай отырып, бүгінгі күнге аман-сау жетіп, өзіміздің көк байрағымызды көтере алғанымызға шүкіршілік етеді екенсің. Әлемдік өркениет талай-талай халықтардың, небір ұлттар мен ұлыстардың жойылып кеткендігін біледі. Біз де жойылып бара жаздап... бара жаздап еңсемізді түзеген, ақын Жұбанша айтқанда «Мың өліп, мың тірілген» жайымыз бар.


Не бір ұлтты, не бір халықтарды, не бір мемлекетті жою үшін қарулы соғыстың қажет те емес екендігін кеңестік империя өзінің билеп-төстеген кезеңдерінде небір сұмдық әрекеттерімен көрсетіп-ақ кетті.


Кез келген халықты тарих сахнасынан жойып жіберу үшін әуелі оларға өздерінің кім екендіктерін ұмыттыру керек екен. Сол үшін жасалған небір әрекеттерден, әсіресе тілін, тарихын жоюдан басталған саясаттың құрбаны бола жаздаған халықтың бірі – қазақ халқы екендігін ұғына түсесің.


Бүгінгі осы күнге тіліміз шұбарланып, ұлттық қасиетіміздің тұнығы лайланып жеткенімізбен, рухы мықты, ерлігі мен елдігі күшті қазақ халқы әйтеуір сақталып қалған еді. Қазақтың Қарасай батырының өмірін, ол өзі өмір сүріп, дәурен кешкен кезеңдерін зерттеумен                                                    айналысқалы, жылдар жылнамасын ой елегінен өткізе отырып, осы бір тұжырымға келген едім.


Аруағы бар адам ғана атқа қона алады елі үшін! Рухы мықты халық қана өзін-өзі сақтап қала алады әрдәйім!


Осы бір ақиқатқа жүгіне отырып, Қарасай Алтынайұлының көшелі ерлігі тұтас бір халықтың тарихтың белгілі бір кезеңінің алыс-жұлыс, тартысты, қиян-кескілі кезеңдерінен аман-сау өтуіне, елін сақтап, жерін сақтап, бесігін тербетіп, босағасын бекітіп, іргесін нығайтып алуына тигізген әсері жайлы бүгін ғана ойлануға мәжбүрміз.


 


Елдіктің туын, ерліктің туын Жанай батырдың қолынан 17 жасында алған Қарасай Алтынайұлы соңғы жорыққа 66 жасында қатысқан екен. Өзінің 73 жылдық ғұмырының 49 жылын ат үстінде өткізген бабамыз 1618 жылы Шапырашты қолымен Арқадағы Бүркітті, Болатты екі таудың арасында қан бұланған соғыс салып, қалмақтарды қырмаса, 1620 жылы бөрілі байрақты көтеріп Тобыл өзенінің бойында ұрыс салмаса, 1627 жылы Жайық бойындағы жекпе-жекте тоғыз күн қасқайып тұрмаса, 1643 жылы ойраттардың тұтқынынан Жәңгір ханды босатып, Арқалыдан Аңқайға дейін жауды қумаса, 1646 жылы қазаққа қарсы қайта соғыс салған Батыр қоңтайшының әскерін қырғынға ұшыратпаса, 1652 жылы қырғыздарға шабуыл жасаған Батыр қоңтайшының оң қолын шауып түсірмесе күнің не болар еді, халқым?!


Ошағыңның күлі шашылып, ұлың құл, қызың күң болып кете бармас па едің?! Сол бір айқастарда, сол бір жекпе-жектерде, тұтас бір қазақ халқының тағдыры найзаның ұшында, қылыштың жүзінде тұрған белгілі бір шешулі сәттерде қызыл жолбарысты аруағың қолдап жеңіп шыға білген, Қарасай баба, аруағыңа бас иеміз, ерлігіңді қастерлейміз, есіміңді әспеттейміз!


Қазақтың Қарасай батыры Көкшетау өңірінің Айыртау сағасында жерленген. Тарих, тарихи шындық осыны айтады. 1913 жылы профессор Румянцев жыйнап, Петербургте бастырылған «Верный уезі» деген кітапта: «Бір кездері Қарасай руы қазіргі Ақмола облысының аймағында тұрған, әңгіме төркініне қарағанда, Қарасай мүрдесі Көкшетау уезінің Айыртау сағасында», – деп жазылуы және бұл әңгіменің Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» жазбаларында, белгілі жазушы, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлының, заңгер Арықбай Ағыбаевтың зерттеу еңбектерінде де нақтылы тұжырымдалған. «Осы бір жылдары қазақ елі аз да болса тынышталып, жаға жайлау, етек қыстау болған заман бола қалды. Қарасай батыр бірсыпыра туғандарымен өзінің қанды көйлек досы Ағынтай еліне көшіп барды. Онда бір жылдай тұрып, – деп жазылған Қазыбек бек жазбаларында–1617 доңыз жылы тамыз айында жетпіс үш жасында дүниеден өтті. Сүйегі Арқада, Айыртау деген жерге қойылды».


Міне, бұл айтылған жай Қарасай батыр Көкшетау жеріне қайдан барды деген көптеген сауалдарға, көптеген күдіктерге берер жауап болса керек.


Бәлкім, тарихи сабақтастық деген осы болар, тәуелсіз еліміздің астанасының Сарыарқаға көшірілуі және халқымыздың бұл көшін үш ғасырдан астам уақыттан соң Қарасай баба ұрпағы – Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей өзінің бастап келуі аруақты баба ізінің, баба ерлігінің жалғасы іспеттес.


– «Балам, сен биыл жылқыңды отарлап алысқа кеткін, қыстың қатты болатын түрі бар. Өйткені құстың ұшуы, бұлттың көкте жүзуі, желдің ұйтқып теріс соғуында бір ерекшелік бар, мал бұл жерде тұрса қырылып қалар»,–деп Қарасайдың әкесі, абыз қарт Алтынай айтқан ақылмен малын да, елін де жұттан аман сақтап қалған Қарасай бабамыз да, бүгінгі күні бір рулы елдің ғана емес, тұтас бір қазақ ұлтының, қазақ халқының туын ұстап отырған ұрпағына: «Балам, аранын ашып ХХІ-ші ғасыр, тажал ғасыр келе жатыр.


 


Еліңе де, жеріңе де көз алартушылар, біздің жеріміз деп даурығушылар көбейіп барады. Сарыарқаға, Арқаға қарай, мен жатқан қасиетті мекенге қарай жылжы, жақында, еліңнің шебі нығаяр, берекесі артар, жүзге бөлініп, бір-бірімен жүздесуден, руға бөлініп бірімен бірі кездесуден қалып бара жатқан халқыңның аралас-құраласы басталар, бір-біріне деген бауырлық, достық ниеттері күшейер», – деп аруақты баба Елбасымызға аян бергендей болып сезіледі дәл маған.


Көкшетау өңірі Қарасай Алтынайұлының туғанына 400 жыл толуын атап өтуге әзірленіп жатыр. Мен басқаратын Көкшетаудағы аймақтық «Қарасай батыр» қоры «Қазақтың Қарасай батыры» деген деректі кітапшаны құрастырып, баспадан шығарды. Осы алқалы жиын үстінде бұл еңбектің жарық көрінуіне демеушілік жасаған Қарасай ұрпақтарының бірі – Болат Әбішұлы Назарбаев ағасызға мың да бір алғыс айтамыз. Баба аруағы қолдай берсін әрдәйім! Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың тікелей басшылығымен, қамқорлық жасауымен Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батыр бабалар басына монумент тұрғызылмақшы. Ол «Шаңырақ» деп аталады.


Шаңырақ деген қазақта қасиеттті ұғым, қасиетті де киелі дүние.


Батыр бабаларымыз Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай небір ұрыстарда бір-біріне арқаларын түйістіріп қойып жаумен айқасады екен дегенді айтады шежіре. Егер сол бабалар бір-біріне арқаларын тіреп, бірін бірі қорғай ұрыс салмаса, қаншама білекті, қаншама жүректі болса да жау найзасына түйреліп, жау қылышына туралып қалар еді ғой. Қасиетті сол бабалардың, қанды көйлек сол достардың мәңгілік дүниеге сапар шеккен сәтте де бір төбенің басында жатуы, қабірлерінің қатар болуы да құдыреттің әмірі, болмаса сол батырлардың қасиеттері дерсіз бе?!


Көкшетау жеріндегі Құлшынбай төбесінің биігінде қатар жатқан Шапырашты Қарасай мен Арғын Ағынтай батыр бабаларымыздың басына «Шаңырақ» атты кесене тұрғызылар болса, бұл күндері бір қазақтың баласын жүзге, руға бөлгісі келгендерге қазақтың ауыз бірлігі, ынтымағы болмаған деп өзеурейтіндерге, жерімізге көз алартатындарға «Шаңыраққа қара», «Шаңыраққа қарап сөйле»,-дейтін болар едік. Осы кесененің көрікті жеріне Қарасай бабамыздың: «Енді қазақ халқының бетіне қараған, қазақ жеріне көзін алартқан жаудың бәрі тізерлейтін болады»,–деген дуалы аузынан шыққан осы бір ауыз сөзін алтын әріптермен жазып қоюды ұсынар едім. Көкшетауда «Шаңырақ» көтерілер, Көкшетаудың шаңырағы тағы да... тағы да бір көтерілер деп сенеді көңіл...


Ел шетіне жау тигенде оған бірге шапқан, ажал жеткенде де бір төбенің басында бірге жатқан қасиетті бабалар салған достық пен бірлікті, ерлік пен елдікті енді біздер қастерлей білсек екен! Саналы көңілге осыны айтқың-ақ келеді. Осы орайда академик Манаш Қозыбаевтың Қаскелең ауданын Қарасай ауданы деп атау жөніндегі ұсынысын қолдағанға не жетсін!


Ортайып бара жатқан, тіпті сарқылып, тартыла бастаған ұлттық рухты қайра толтырудың кәусар көзі біздің ерлікке толы тарихымызға жатыр. Сол тарихымыздың бұлақ көзін аша білейік. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ескерткеніндей, бір рудың, бір атаның тарихын емес, қазақ халқының тарихын жасау мен жазуға жұмылсақ екен. Соңғы бір жылдары әр ауыл бөліп алып, өз батырлары мен бектерінің құрметіне өткізіп жатқан тойлар мен астардан алар сабақ: Қарасай батырдың есімі бір ғана ауылдың төңірегінде қалып қоймаса екен деп алаңдайсың. өйткені бабамыздың сонау 1620 жылы Есім хан берген: «Сен енді қазақтың Қарасай батыры болдың» деген тарихи аты бар, ірі тарихи тұлға екендігін ұмытуға, ескермеске болмас!


Шындық мынаны айтқызады: ұлт рухани байымай малға жарымас, ұлттық сана жетілмей бабалар айтқан өсиет дарымас ұрпағымызға!


Осылай қарай сапарға шығар күні түс көрмедім. Түсіме Абылай ханның Ақбас бурасы, Қарасай батырдың қызыл жолбарысы кірді.


Ақбас бура Көкшетаудың Сексен көлін жағалап су ішіп жүр екен, қызыл жолбарыс Оқжетпестің биігіне өрмелеп барады екен!


–Е, қасиетті де аруақты балаларым-ай! Елің мен жеріңді қорғап, халқыңды қолдап, желеп-жебеп жүр екенсің-ау, – деп бабалар рухына дұға қылдым. Көкшетауға қасиетті бабаларымыздың аруағы – Ақбас бура мен қызыл жолбарыстың оралғанына, келгеніне қуанып, тәубә етіп жүрмін. Енді сол аруақтарды ренжітіп алмасақ екен, соларға сыйына білсек екен деп алаңдайсың!


Көкшетауда жатқан сол аруақтар өз елін, өз халқын, өз жұртын, сондай-ақ Сіздерді қолдап жүрсін әрдәйім!


 


(«Көкшетау» газеті, 7 тамыз 1998 жыл).


 


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу