30.12.2022
  391


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Сұмдық

Би-ағаның осы бір әңгімесін («Айт күндері») оқыған сайын әр сөйлемінің тасасынан бір ызғар қарып өтетіндей сезінем.


Бірақ әуел бастағы: «Айт құтты болсын!», «Айтсын, жақсылығы бірге болсын!», «Жыл он екі айда бір келген жарықтық «айт» қой, бұл күнді көрген де бар шығар, көрмеген де бар шығар?..» деген                             үш сөйлемде қазақтың әдеттегі айт күндері амандасып жататын ежелгі ақ тілеуі, пейіл-ықыласынан алабөтен ештеңе жоқ тәрізді. Тіпті әңгіменің бірінші бөлігінен бастап , сол айт күні ауылда «жер ошақ біткеннің көбінде асылған қазан, ақ көбігі бұрқылдап семіз ет қайнап жатыр... Кәрі-құртаң шалдар, кемпірлер екеу-екеу көлеңкеде отыр. Біреуі пышақ қайрап, бір жігіт семіздеу қызыл өгізді ұстап тұр. Бір-біріне қайырлы болсын айтқан жұрт. Ақ отаудан бұралып бір келіншек шықты. Басында шетін кестелеген шашақты көгілдір жаулығы, неше түрлі асыл тұмаршалар қадаған көк пүліш қамзолдың төсі неше түрлі асыл ілгек, алқым баулармен безелген», – деп суреттейді. Осылайша сөз зергері ауыл-үй адамдарының өзара әзіл-қағытпа әңгімесімен қоңыртөбел, мамыржай халі, көңіл-күйін көз алдыңызға әкеледі.


Енді қараңыз, оқушысын осылай жаймашуақ тоқкөңіл күйге бөлеп алып, Би-ағаң бұдан әрі сөзді былай өрнектейді: «Ауылдан оңаша, томардың жел жағында үш қара үй тұр. Маңайында қыбыр еткен мал да жоқ, ызыңдаған маса да жоқ, асылған қазан да жоқ, кезіп жүрген адам да жоқ». Себебі, мұнда – аштық! Бірінен соң бірі өліп жатқан адамдар. Би-ағаң үш үйдің сұмдық трагедиясын суреттей келе былай дейді: «Тырдай жалаңаш алты-жеті жасар бір ұл, бір қыз бала тысқа шыға келді. Қапшықтан алып жатқан домалақ малдың терісін көріп екеуі бірдей тарпа бас салды. Таласты. Мә, біреуіңе жүректің құлағы бар, мынау текенің ені... Мынау жүректің құлағы... мұны да итке лақтырған жерінен алдым... Жұрттан қайыр кеткен ғой... құрбандарының қанын бер деп едім, Ұлбала бәйбіше айқай салды: «Былтырдан бері асырағаным жетер» деп... не бергенін қайдан білейін?» – деп, бір қайырады да, Би-ағаң оқырманды қайтып айт мейрамдап жатқан жерге әкеледі: «Бір топ ауыл қыдырып «айттық» алып жүр. Ауыл гу-гу... Ауылдан оңаша, томардың жел жағында үш қара үйде аштықтан қырылып қалғандарды естіп, бастарын шайқасып отыр: «Қатыны мен Бәкен кайтыпты. Алда, бейшара-ай! Қайтқандары да дұрыс болған екен, тірідей көр болып еді. Дүние деген осы, жігіттер, – деді ортада отырған бір ақсақалды кісі. – Өгіз өлгеннің басында «айт» болып ат шаптырғанымызда, жиылған адам қанша болса да, бөгелмей-ақ қымызға қандырып шығарып еді. Ақырында бүгін сол Бәкең қатынымен аштан өліп отыр... тұз-дәмін татқан жігіттер, ескеріңдер, еттерінді жеген соң, жаназасын жерге тигізіңдер, сауап қой... Ет желінді, қымыз ішілді, жұрт жиналып елдің сыртындағы белеске шығып, жалау байлап ойын қылуға айналды. Ақсақал сөзін тындаған жан жоқ. Ат шабыс, күрес, тоқ бәйге... аштан өлген Бәкен мен Зейнепке көптің көрсеткен құрметі «тілеулері дұрыс екен, айт күні қайтты» болды. Бейімбет осылайша салқынқанды, сырбаз баяндап әңгімеге нүкте қояды.


Енді пайымдап қараңыздаршы, «Айтты» мейрамдап, жер ошақ біткеннің көбінде асылған қазан, ақ көбігі бұрқылдап семіз ет қайнап жатқанда, іргелес үш үйде адамдар аштықтан өлуде. Бұлар бөгде-жат немесе ата жауы, қас дұшпан да емес.                  Бәрі де бір-бір елдің, қазақ ауылының адамдары. Бірақ ауылдастарын танып-біліп, аста-төк мейрамдап отырып, бірде-біреуі барып аузына су тамызуға жарамайды. Қайырым-мейірім, адам адамға дос-жолдас, бауыр деген адыра қалған. Біз кейде осы ұлтымызға келгенде           аты-жөні жоқ бұрынғылар    жетімін жылатпаған,  бір-біріне қарайласқан, иманды, арлы болған деп бет қаратпаймыз. Ешбір зұлымдық, қатыгездік,                немқұрайдылық            болмағандай      сипай                  жазатынымыз            бар. Ашаршылықта адамдардың бір-біріне деген нақақ қысастығынан, жеме-жемге келгенде хайуани құлқынның құлы болғанынан да қырылғанымызды несіне жасырамыз? Адам баласының бойындағы безбүйректік, рақымсыздық, жатбауырлық қасиеттердің қасіретін ашып айтудың орнына, бәрін бірдей билеуші биліктің озбырлығына тели салу да әділдік емес.     Бейімбет – аштықты көзі көрген, жүрегі сезген, ақылмен түйген адам. Бұл сұмдықты Ахмет Байтұрсынов 1922 жылғы «Тәні саудың – жаны сау» атты мақаласында: «...Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Анасы баласының етін жеуге жетті... Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...» деп жазған. Алаш жұртының осылайша сағы сынды, жігері жасыды. Сірә, қазақтың «бір күн ашыққаннан қырық күн ақыл сұрама» дейтіні осыдан болса керек.


Содан бері 92 жыл өтті. Бәрінің беті аулақ, өзімен кетті, қарасы өшті. Ел тоқ. Заман басқа. Әйтсе де, «аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпегендердің» аманаты бар. Ұмытуға хақымыз жоқ!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу