28.12.2022
  1259


Автор: Сейітқұл Оспанов

ЖАУҚАЗЫН

Бүгін қарт тырна әдеттегісінен ерте тұрды да, ауыр қанаттарын сарт-сұрт ұрып, дүр сілкінді. Сөйтті де шаңқ-шаңқ шақырды:


– Ау, ояныңдар ұйқыдан!


Әр ағаштың басында қонақтап жатқан балалары мен немерелері көздерін ашып, асығыс-үсігіс қарт тырнаның қасына жиналды. Бәрі аң-таң. Мұнысы несі? Таң атпай не шаруа болып қалды екен сонша? Қарт тырна бұл сұрауды олардың моншақтай жанарларынан білді.


– Мен түнде түс көрдім, – деді ол әр сөзіне салмақ салып. – Туған жерімізге – Қызылқұмдағы Ақсуат көліне көктем келіпті. Көл толқын атып тулап жатыр. Айналасы майса бал құрақ. Көл тұнған күміс шабақ. Бүгін егер жаңылмасам, амалдың жиырмасы. Естеріңде ме, былтыр осы уақытта болып едік қой. Неғып ұмытып қалдыңдар? Әлде туған жерді естеріңнен шығардыңдар ма? Жақсы қасиет емес. Бұл жер бізге қанша жайлы болғанмен, туған жерге – атамекенімізге не жетсін...


– Ой, ата-ай, түске де сеніп... Қайда асығамыз, күте тұрайық, әлде де артын бағайық, күн әбден жылынсын, туған жерімізді біреу көшіріп әкетпейді ғой, ал мұнда қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк, ит тұмсығы батпайтын джунглидің іші толған құрт-құмырсқа, көлде құрбақа бықып жүр...


Қарт тырна ашу шақырды.


– Жоқ, болмайды! Біз қу құлқынның құлы болмауға тиіспіз. Туған жер де көктемді зарыға күтіп жатыр. Ал көктем шын мәнінде құс қанатымен барады. Осыны неге түсінбейсіңдер, ақымақтарым-ау.


Осы сәт қарт тырнаның ортаншы баласы:


– Әке, кеше өткенде осы жақтан асығып кеткен бір қаз ұшып келді. Оның айтуынша, әлі қыс біте қоймаған секілді. Босқа үсіп өлеміз ғой. Ауа райы өзгерген көрінеді. Қазір бұрынғыдай емес. Жыл маусымдарының реті сақталмайды... – деді.


– Иә, сөзіңнің жаны бар, бірақ біз қалайда жолға шығуымыз керек. Міндеттіміз. Әрі түсім де алдамайды.


Сөз осымен бітті. Балалары бұдан әрі ештеңе демеді. Себебі олар қарт тырнаның мінезін, екі сөйлемейтінін білетін.


– Қазір жолға жиналыңдар. Мықтап тамақтанып алыңдар. Күн шықпай көкке көтерілеміз. Аспан жар болсын!


Тырналар жалма-жан тамақтануға кірісті. Сүт пісірім уақыттан соң, үшбұрыш тізіліп, Қызылқұмды бетке алды. Көш алдында қарт тырна. Мүлгіген қалың орман тырналардың қиқуымен азан-қазан болды. Олар үш күн, үш түн ұшты. Ақсуатқа жет­ті. Жетті де тырналар қатты өкінді. Қарт тырнаның түсі алдап соғыпты. Қыс кетпепті. Жер ала шарбы қар. Көл беті жұқа қабыр­шақ мұз. Жайқалған бал құрақ жоқ. Талдар әлі бүр жармаған.


– Енді қайттік?


– Үсіп өлеміз ғой.


– Қарнымыз да ашты.


Бәрі қарт тырнаға кінәлай қарады. Қарт тырна қиналды. Ұзын тұмсығымен не істерін білмей, жер шұқыды. Қарт тырнаның ерке кенже баласы қызбаланып:


– Қайта кері ұшуымыз керек! – деді қанатын білеп. – Бүйткен туған жері бар болсын!


Көбі оның сөзін қостады.


– Қиқ-қиқ! Дұрыс! Кетеміз!


Қарт тырна жерден басын ауыр көтерді.


– Жоқ, осында қаламыз. Бұл – біздің перзенттік борышымыз. Қылбық қар, қабыршақ мұздан қорықсақ, не болғанымыз? Зеңгір аспанда не бетімізбен қанат қағамыз? Ертең жұрт не дейді? Жыл құсы деген атымызға кір келмей ме? Шыдаймыз!


– Кетеміз!


– Шыдаймыз!


Тырналар бір шешімге келе алмай, екі дайға бөлінді. Айтыс-тартыс қызды. Бірінің сөзіне екіншісі құлақ аспады. Ақыр аяғында бір топ тырна кері қайтуға оқталды. Осы сәт бір нәзік үн естілді.


– Тырналар, өтінемін, қайтпаңдаршы. Мен қазір мынау даланың гүлі мен шөбін ұйқысынан оятамын. Бәрі бүр жарып көктем шыға келеді. Көктем болады...


Бұл кім? Тырналар дыбыс шыққан кәрі сексеуілдің түбіне қа­рады: топырақ астынан бой көтерген нәп-нәзік Жауқазынды көрді.


– Ау, сен сәуір айының соңына таман шығушы едің ғой... Қарт тырна таңданды.


– Иә, мен сәуірде шығамын. Бірақ сендердің әлгіндегі айтыстарыңды естіп, дәтім шыдап жата алмадым, мезгілімнен ерте көктедім, әлі буыным да бекіген жоқ. Өтінерім – туған жерді тастап кетпеңдер, ол сендерді алты ай қыс бойы зарыға, сағына күтіп жатыр, әбден жаурап-тоңды... Шуақты, жылуды аңсады... Осыны түсініңдер, оған да оңай деймісіңдер...


Қарт тырнаның көңілі толқып кетті. Көзінен бір тамшы жас үзіліп түсті. – Міне, көрдіңдер ме, нәп-нәзік Жауқазын құрлы жоқсыңдар... Балалары ұялып, жерге қарады. Жауқазын:


– Күтіңдер. Кетпеңдер. Мен қазір барлық гүл мен шөпті ұйқысынан оятамын! – деді де қуана секіріп, дірдектей тоңып, таң қараңғылығының қойнына сүңгіді.


Баялыштың түбіндегі кеседей төмпешіктің қасына келіп, айқай салды: – Әй, Құртқашаш, тұр, кәне! Оян, құстар келді. Көктем келді! «Төбешікке» жан бітті, астынан Құртқашаштың көмескі үні естілді.


– Маған әлі ерте ғой, өзің жақсы білесің, мен сәуірде жер бетіне шығамын. Немене, жындандың ба, үсіп өл дейсің бе маған?


– Жоқ, есім дұрыс, бол тез, өтінемін, уақытыңды күтпе, күн жы­лыған екен деп, сонау жер түбінен тырналар ұшып келген екен, кетіп қалмақ болып жатыр... Ұшып кетсе, көктем одан әрі кешігеді ғой.


– Түу, сен де... бір түрлі ұйқым қанбаған секілді.


– Ұйқың сыртқа шыққасын қанады. Сені күн сүйеді, жел өбеді. – Жарайды, қоймадың ғой тіпті.


Құртқашаш көгілдір көйлегін киіп, төбешіктің астынан далаға атып шықты. – Ища! Күн не деген суық еді!


Жауқазын оны тас қып құшақтады.


– Рақмет, бауырым, Гүлдер әулетінің бақыты дарысын саған. Шыда. Қазір таң атады. Күн жылиды.


Сөйтті де Жауқазын әрі кетті.


Қардың астындағы Бәйшешектің үйінің терезесін қақты. Ар жақтан ұйқылы-ояу нәзік дауыс шалынды.


– Бұл кім?


– Мен ғой. Жауқазынмын. – Ертелетіп неғып жүрсің? – Шұғыл шаруа болып тұр. – Не шаруа?


Жауқазын мәселені түсіндірді. Бәйшешек үйінің есігін ашты.


– Солай де. Өзім де екі-үш күн әлетінде сыртқа шықпақшы едім. Оқасы жоқ. Жауқазын көлді жағалай жүгірді.


– Құрақтар! Ояныңдар!


Көлді жағалай құрақтар құлпырып шыға келді.


Жауқазын осылайша дала төсіндегі бар гүл мен шөпті ұйқысынан оятты. Гүлдер мен шөптердің қызу тіршілігі жер бетіндегі қылбық қарды ерітті. Қар түн ішінде жылға болып сылдырай ақты. Көлдің мұзы буға айналды. Самал есті. Даладан гүлдер мен шөптердің алуан түрлі жұпар иісі аңқыды. Тырналар көл жағалай қанаттарын шапалақтап қағып, қуана қиқулады.


– Жауқазын, саған мың да бір рет рақмет! Гүлдер патша­лығының ханшасына айнал! Туған жердің бір гүлі дәл сендей-ақ болсын!


Дала бусанып, шаттыққа кенелді. Күн нұрын ағыл-тегіл төкті. Көктем осылай мезгілінен ерте келді. Бұл – Жауқазынның ісі еді...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу