28.12.2022
  246


Автор: Сейітқұл Оспанов

Цирктегі ең қызық ойын

 


 


Цирктен шыққасын аялдамада автобусты ұзақ күтіп, Айнұр папасы екеуі қаланың бір шетіндегі үйлеріне түнделете жетті. Айнұр үйге қуанышын баса алмай, алып-ұшып кірді.


– Ой, мама, цирк керемет қызық болды! – деді. – Сен де барғаныңда ғой.


 


 


– Е, не қызық ойын көрсетті?


– Тілмен айтып жеткізу мүмкін емес! Өз көзіңмен көруің керек еді. Солай ғой, папа?


– Иә, шынында да солай. – Ал, айта қойшы ендеше.


– Айтсам... акробаттар аспанда би биледі. Мен жаман қорықтым, әнтек құлап кетеді екен деп. Одан асқан ерлік болмас, сірә.


– Сосын?


– Қорбаңдаған аюлар да талшыбықтай бұралды. Үйретушісі ауық-ауық аузына шабақ салып тұрады. Әйтпесе айтқанын істемейді. Маймылдар... клоундар...


Айнұр қайсысын айтарын білмей әбден састы. – Керемет!


– Сонда ең қызығы қайсы болды? – Ең қызығы ма?


Айнұр сәл ойланып қалды.


– Ең қызығы... Антракт болды. – Ол не? Ойын ба?


– Жоқ! Үзіліс. Мамасы аң-таң.


– Үзілісі қалай? Үзілісте де ойын көрсетті ме?


– Жоқ. Папам бір стақан анар суын әперді. Торт жедім. «Маймақ аю» конфетін алдым. Әбден тойдым. Папа, ертең тағы да барайықшы. Антрактыны және көрейікші.


– Е, ең қызық ойын екен.


Папасы мен мамасы күліп жіберді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу