28.12.2022
  130


Автор: Сейітқұл Оспанов

ТЫНЫШ ТЕНТЕК

Жайлау ұйқылы-ояу ерінін жалап алып еді, тілінің ұшына әлдебір тәтті нәрсенің дәмі білінді. Қызық. Бұл не? Қайран қалды. Құдды түнде әлдекім ұрланып кеп ерніне бал жағып кеткен секілді. Сол жамбасына аударылып түсіп, әлденеге басы қатқан адамша қабағын түйіңкіреп, сәл-пәл ойланып көріп еді, ерніндегі тәтті дәмнің сырын түсінгендей болды. Сол-ақ екен, әлдекім қолты­ғынан қытықтап-қытықтап жібергендей, рақаттана үнсіз күліп алды. «Шіркін...» – деді күбірлеп...


Жаздың ақ торғын жылы кеші ұзақ уақыт қанатын жайып тұрды да, бірте-бірте түн қойнына сіңді. Жайлау ойында дәнеңе жоқ, шамды өшіріп, ұйықтағалы жатқан-ды. Осы сәт қараша үйдің есігін әлдекім сықырлата ашып, тыпырлап ішке кіріп келді. Жайлау қара көлеңке жарықтан оның бет-жүзін анық көре алмады.


– Бұл кім?


– Мен ғой... Сабырмын...


Жайлау орнынан тұрып, шамның білтесін көтерді. – Неғып жүрсің?


– Жай... апаң қайда?


– Әлібайдың үйіне – шілдеханаға кетті.


Іште өздерінен басқа ешкім болмаса да, Сабыр аузын Жайлаудың құлағына тақап сыбырлады: «Жәмила да шілдеханада. Сәті түскен жоқ па? Қауынға бір тоймаймыз ба?»


Жайлаудың көзі қуаныштан жалт-жұлт етті. – Рас па?


– Рас. Жаңа барып біліп келдім. – Кеттік онда!


– Әйда, кеттік!


...Күтімі жақсы болды ма, Жәмиланың қауыны өзге жұрт­тікіне қарағанда, биыл ерте пісті. Қазір ауылда көзді қызықтырып қауын жеп, қарық болып жүрген Жәмиланың екі баласы ғана – Болат пен Сәкен. Екеуінің түкірігі жерге түспейді. Қашан көрсең де қолдарында бір тілік қауын. Апыл-ғұпыл бірден жей де салмайды, қауын тілігін сырнайлатып, әрі-бері ауыздарына үйкелеп, там-тұмдап тістелейді. «Неткен тәтті!» дегендей ара-тұра таңдайларын қағып, тамсанып қояды. Қолдарына қауын тілігін жеу үшін емес, сыртқа балаларға көзқызық жасау үшін алып шығатын тәрізді. Қалай шыдасын балалар: «бір тістетші», «кішкентай берші» деп, екеуіне жалынып-жалбарынып болады. Ал олар бәл­сіне түседі. Бір тістем қауынның бәсі әуелеп кетеді: біреулердің оп-оңай-ақ сақа, топайын, екіншісінің әдемі значогін алады. Велосипедтерін еркінше армансыз тебеді. Не керек, айтқандары бұлжымай орындалады.


Жәмиланың бақшасының тұсынан өтіп бара жатқан кісінің басы айналады: бұрқырап қауын иісі шығады. Ауасы бал татиды.


Ерте піскен қауынға әдетте жау көп: күндіз ешкі, түнде қара сирақ балалар. Жәмила бұны жақсы біледі. Сол себепті де әлдебір тығыз-таяң шаруасы болып қалмаса, көбіне бақшасының басында жүреді.


Міне, бүгін орайы келді. Жәмила шілдеханадан түн ортасынсыз оралмайды. Бір мезгіл бойын жазуы керек қой. Ел қатарлы шай ішеді, ет жейді, ән айтады...


Дала тастай қараңғы. Айсыз түн. Ауыл тыныштық кұшағында. Оқта-текте әлдебір иттер үреді. Жылқышы құс қиқулап қояды. Сабыр мен Жайлау ешкімнің көзіне түспей, ауылдың сыртымен Жәмиланың бақшасына келді. Қоршау тікенек сымның астынан жер бауырлап, бірінің соңынан бірі еңбектеп ішке кірді. Ит жоқ. Екеуі ескі күпәйке кигізіп қойған қарақшыға қарап мырс-мырс күлді. Сосын ұзын-ұзын кең арықтардың бойымен тізерлеп жүріп, қау пәлектерді емін-еркін аралады. Бірте-бірте қараң­ғылыққа көздері үйренді. Ештеңені талғап-таңдамады. Көздеріне шалынған қауындарды иіскеп көрмеді де. Қолдарына іліккенін пытырлатып үзе берді. Қатты жел соғып, құм суырып, ұйпа-тұйпа еткендей, пәлектерді олай да, бұлай да аударып-төңкерді. Үзген қауындарын бақшалықтың ортасындағы ақ құмаққа әкеп үйді. Бұлардың ішінде жұқа қабық сап-сары жәмбілше де, аузыңа салсаң болды, суға түскен шекер құсап заматта ери жөнелетін ұн қауын да, пышақ жүзі тигенде шатырлап жарылып, шырын шашатын көк дөнен де, еті қалың торлама күләбі де, көк кәмек тас түйнектер де – бәрі-бәрі бар еді. Екеуі қауындарды бір-біріне ұрып жарып, жау қуып келе жатқандай (ұрлықтың аты ұрлық қой) асығыс-үсігіс, қақалып-шашалып жей бастады. Біраз уақытқа дейін ләм-мим тіл қатысуға мұршалары келмеді: қалай сөйлесін – ауыздары қауыннан босамады. Бір кезде іштеріне ел қонды. Әдепкідегідей қауынның қабығын қыршуды қойды. Тоғайып, соңғыларын мұрындарын шүйіріп, бір тістеп рәсуа қылып тастай берді. Тек ең тәтті, ең дәмділерін ғана таңдап, ауыз­дарына салды. Ауыздары аз уақытта кәдімгідей жақсы «жұмыс істеп» тастаған сияқты: қарындары шіреді – құдды мерекеде үрленген дәу шардай болды. Дегенмен көздері тоймады. Әлден уақта қарындарын тоқ сипалап, аяқтары әнтек-тәнтек тәлті­ректеп, отырған орындарынан әрең көтерілді. «Ертең жейміз»деп, он шақты қауынды бұлақтың ар жағындағы қалың жыңғыл­дықтың арасына апарып тықты. Сосын бет-ауыздары шырыш-шырыш болып үйлеріне қайтты...


Ерніндегі тәтті дәм сол түндегі қауындікі еді.


Жайлау көзін әлдеқашан ашып алса да, өздігінен орнынан тұруға ерінді. Күндегі әдеті бойынша апасы қазір: «Жайлаужан, кәне, сиырды айдай ғой», –


деп жұмсақ айқайлауы тиіс. Бұл сөзін ол әлденеше рет айтады. Жайлау оған дейін жата береді.


Бірақ бұл күткені болмады. Кенет күрке жақтан бөгде бір дауыс естілді. Ащы, ашулы, күйінішті дауыс. Бұл кім болды екен? Масқара! Жәмила! Өз-өзінен қорқып, тұла бойы дірілдеп кетті. Түнде бақшасына түскенін біліп қойғаны ма сонда?


– Зейнеш-ау (Жайлаудың апасының аты), қағыңғыр бір балдар түнде біздің бақшаға түсіпті. Кеше менің шілдеханада болғанымды пайдаланған ғой. Әйтпесе басқа күндері неге түспейді? Қайтейін-ай, қайтейін! Отап кетіпті, тура шошқаша. Жегенін жеген, жемегендерін ит рәсуа қып шашқан, жарған, бүлдірген. Кілең көк түйнектер ғана қалыпты. Олар пісіп, дүз алам дегенше, не заман. Ана екі қарғамның ермегі еді. Қап! Қолыма түссе, сирақтарынан қазыққа арқандап қояр ем...


Оның бұл күйінішті сөзін Жайлаудың апасы жаны түршіге тыңдады. – Обал-ай, қандай ғана оңбағандар екен?!


– Қайдан білейін, анау Сағымбайдың жетпегірі шығар. Боранбай... Басқа кім дейсің. Не болса да соның ісі. Қазір үйіне барып, шәт-шәлекейін шығарайын, қауын ұрлаған қандай екен!


«Сенің балаң да түсіпті» деп айтып қоятындай, Зейнеш алдын алып Жайлауды ақтай, қорғаштай сөйледі.


– Түнде шілдеханадан келсем, біздің Жайлаужан қаннен-қаперсіз ұйқыны соғып жатыр екен.


– Жоқ, ондай жұқсыздық сенің балаңнан шықпайды. Сенің Жайлауың алтын ғой. Мінезі жібектей. Қақ-соғы жоқ. Бәленің бәрін бастайтын анау Боранбайлар да.


– Иә, біздің Жайлаужан ондайға бармайды.


Жайлау тоңып-жаурамаса да, көрпесін басына тас бүркенді. Маңдайы тершіп қоя берді. Жәмиланың «сенің балаң алтын ғой» деген сөзінен қатты ұялды. Апасы да шаң жуытпай жатыр-ау. Бәлкім, мұның тыныш, ұяң мінезіне қарап, жұғымсыздық жасамайды деп ойлайтын шығар. Масқара-ай! Сол сенімдерін ақтай алмадым-ау. Айдаладағы Боранбайды күстаналап жатыр. Оның бұл жерде не жазығы бар? Сотқар, тентек екені рас. Кім жаман – Боранбай жаман. Терезе сындыратын да, кішкентай балаларды ұрып-соғып, жылатып жіберетін де сол. Жөн-ақ делік. Енді қауын ұрлаған да сол Боранбай дейді. Бұл дұрыс емес.                                        х, Боранбай,текке сөз естіп, босқа таяқ жейтін болдың-ау. Бәрін соған жабады. Жайлау, Сабыр секілділер көзден қаға беріс, елеусіз, жақсы атты болып қала береді. Тыныш тентектердің жаман ісін ешкім де білмейді. «Жәмила апа, сіздің бақшаңызға түскен біз – Сабыр екеуміз», – деп Боранбайды қорғап, жанұшыра айқайлағысы келді, бірақ неге екені белгісіз, оған дәті жетпеді, көмейі бітеліп, үні шықпады.


– Ойбай, енді кәйттім?! – деді Жәмила жыламсырап. – Ебіл-дебіл боп еккен қауын еді, бәрі зая кетті-ау. Суға таласып қаншама жүз шайыстым. Сонда өзім үшін бе, ана екі қарғам үшін. Солар елге көзін сатпасын, таңлақ болмасын деп...


Иә, қауын тәтті болғанымен, бейнеті көп. Ауылда жалғыз ғана бұлақ. Су тапшы. Судың кезегі айына бір рет келеді. Жазда күн ыссы, аңызақ. Көбіне қауынның пәлегі сарғайып, қурап кетіп жатады. Сол себепті де жұрт кейде бақшасын түнде ұрлап суарады. Біліп қалса, айқай-шу, дау-дамай. Жайлау өстіп, ұрлап суарамын деп, Жәмиланың анада Беріш шалдан тіпті таяқ жей жаздағанын есіне түсірді. Оңайлықпен қауын жеу жоқ. Осыны біле тұра...


Апасының әлдене дегенін естіді.


 


– Не деген оңбаған балалар, біреудің ала жаздайғы еңбегін: табан ет, маңдай терін еш қылып...


Жайлау бұл сөзді тура өзіне айтылғандай ұқты. Көрпенің астында не істерін білмей, кеберсіген ернін жалай берді. Бірақ бұл жолы ернінен бағанағыдай тәтті дәм сезілмеді. Тіліне кермек... ашқылтым әлдене шыланды.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу