Өлеңдер ✍️

  28.12.2022
  94


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Көктөбет

Сенің ит болғаныңа бөрілер кектенеді,
Менің ит болғанымды перілер жек көреді.
Автор



Көк төбетім күзетіп қора маңын,
Үйшігіңе түн бойы жоламадың...
Мен де қаңғып түн бойы,
Таңға жақын
Ине жұтып ілмиіп ораламын.
Биыл ит-құс қаттырақ дейді қауым,
Өз малының бәрі де жейді қамын.
Қора-қора мұңымды торып жүрген,
Ит-құс едің сен де бір, ей, құмарым...
Сен бе,
Мен бе,
Білмеймін кім налалы?!
“Ерке барыс есікті тырмалады”.
Қарға шаншып кетіпті құйрығыңды,
Текебұрқақ басталған түн, қаралы.
Өткен күннің тұз сеуіп ойға бәрі,
Көп айландым ертесі қой қораны.
Білесің бе көктөбет?
Бұл ауылда,
Мұндай ұлы өлімдер тойланады.
 
Келмесіңді білсем де мүлде қайтып,
Сені іздеймін...
Жұрт сөзін тыңдамай түк.
Елеңдеймін қойлардың ауызына,
Сен туралы қалардай бірдеңе айтып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу