Өлеңдер ✍️

  28.12.2022
  1191


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Әжемнің жыры

Алқам да, салқам таулардың,
Аржағы дейтін шұрайлы.
Жүзінен тылсым саулар мұң,
Тау көрмей кеткен сыңайлы.
Төрі ғой жұмсақ төркіннің,
Бар еді бальзам бұлағы.
“Қыз күні болған кемпірдің...”
Кемсеңдеп әжем жылады.
Суреттей алсын көркін кім,
 
Көлі бар дейді тым ыстық.
Түсінбей түк те мен тұрдым,
Қинайды-ақ екен туыстық...
Қидырып көкжал сіңірін,
Бөлініп жұрттың сапынан.
“Жылаған еді сіңлім,
Құлаған сәтте атынан...
Айтпадым әлі сырды бұл,
Татпадым қайта бұлақтан.
Жанымды езді бір ғұмыр,
Бір әуен кетпей құлақтан”.
Ақтарып солай шын сырын,
Бір өлең айтты термелеп.
Иірді сосын ұршығын,
Дүние жатты дөңгелеп!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу