Өлеңдер ✍️

  16.12.2022
  230


Автор: Дүйсебай Дәуірбек

Жалғыздық

 


 


Көңілімнің көгінде сезім аунап,


Көшкен кезде іргемнен сенім аулақ,


Жанарыңда мұңайған бір жалғыздық


Алған еді өзіне мені баурап.


 


«Бұл жалғыздық жалғанда жалғыз ғана»,


Өзім де оған қараймын сәл қызғана.


Жан баураған жалғыздық жалқылығы


Сияқты бір өзінше тағдыр дара.


 


Көрдім мөлдір көзіңнен жалынды есіл,


Ұға алмасам сырыңды, жаным, кешір.


Мен де жалғыз көбінесе екенімді


Арасында сезінем қалың нөпір.


 


Болмысың да ерекше, сол үшін де


Келе алмассың тобырмен келісімге.


Көшкен құмда жалт еткен уақ алтындай


Жалғыз кетіп барасың көп ішінде.


 


Даралықтың бағына мәңгі құштар


Жалқылықтың жігерін жанбыз құптар.


Бірін-бірі жатырқай қоймас, сірә,


Табысса егер біздегі «жалғыздықтар».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу