Өлеңдер ✍️

  12.11.2022
  314


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Бақыл бол, анам, жан анам!

(Күйтолғау)


Қайран да менің, жан анам,
Тілдесе алмай қалдым-ау.
Жанымды жеген наладан,
Жүректе мынау бар қылау.
Жүрекке тұнған наламды,
Жоқтауым жаспен аршып ал.
Ақ сүтін берген анамды,
Жоқтауға хақым бар шығар.
Қойыны суық қара жер,
Адамзат сені ана дер.
Ағзасын алдың анамның,
Астына мамық сала бер.
Өлеңнен құлпы қашадым,
Тоқсанға жуық жасадың.
Есіме алған кезімде,
Езіліп мауқым басамын.
Үзілдің жетпей бір жасқа,
Тоқсанға әлі жыл керек.
Бала мен бауыр бір басқа,
Ананың жолы бір бөлек.
Қоштастық ақпан айында,
«Жаңа адымның» сайында.
Қалың бір дастан шығады,
Толғасам анам жайында.
Жымпиты - Сырым ауданы,
Көл-көсір оның аумағы.
«Жосалы» деген жерінде,
Жігерің тасып лауладың.
Адамы болдың қатардың,
Еңбекте озат атандың.
Ел жүгін өрге сүйрелеп,
Бірталай жерге апардың.


Ілду- ділду де бәрі өтірік,
Ауырлық белді опырып.
Жанардан екі айырылып,
Өмірден өттің өкініп.
«Жосалы» елің, тұрағың,
Ұжымды өзің құрадың.
Бақилық сонда мекенің,
Тамсана жұтқан бұлағың.
Әкеден қалған бес қызды,
Өсіріп, аман жеткіздің.
Соғысқа кеткен әкемді,
Күтумен ғұмыр өткіздің.
Қайран да менің жан анам,
Өлеңім ұшқан - шағалам.
Қыста да, жазда мен үшін,
Бейітті қайтар аралап.
Еске алып әр кез толғанам,
Ауыл да алыс, жол жаман.
Шығарып салдым көзімнен,
Көңілге демеу сол ғана.
Ауылдың көрдім келбетін,
Реңі қашқан ел кетіп.
Ауылды, сені тірлікте,
Жүрермін жырмен тербетіп.
Толғауым күймен бара-бар,
Жетер ме саған осы әнім,
Қиналған кезде, жан анам.
Өзіңнен жебеу тосамын.
Анашым бақи болғасын,
Көңілім құйған қорғасын.
Бақыл бол, Анам, бақыл бол,
Иманың болсын жолдасың!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу