Өлеңдер ✍️

  12.10.2022
  346


Автор: Нұрмұхаммед Әбілқасымов

МАХАББАТ-СЕЗІМ

Махаббат гүл, әлде ащы жантақтай,


Ей, арулар, қорғаңдаршы тән сатпай.


Махаббатты қастерлейік жан сақтай,


Сақтамасаң, кезіп кетер қаңбақтай.


Махаббатты күте білсең салмақтай,


Ашылады дәні тәтті жаңғақтай.
Көріндім бойдақтардың тізімінен,


Махаббатты жалғай білші үзігінен.
Уылжып қолға түсер піскенінде,


Дәм татайын ғашығымның жүзімінен.


Сүйгеннің сансыз сыры байқалады


Қорланға Естай салған жүзігінен.


Махаббат асыл сезім алып ұшқан,


Бұл сезім туады екен сағыныштан.


Махаббаттың отауы боп саналады


Қос жүрек бір-біріне бағынысқан.
Көктем туды, көк сеңім қозғалмапты,
Жанымда қыстан қалған ызғар жатты,


Махаббатқа келгенде жолым ауыр,
Жолыма көлденеңдеп мұздар қатты.


Сүйемін деп келеді қашан бір қыз,
Тістеп жатқан пендеміз біз бармақты.
Ғашықпын деген қыздар кездескенмен,
Тағдырдан қорықпай сүйер қыз қалмапты.
Жаралы жанымды ұғар жар кездессе,
Жұлып берем жүректегі қызғалдақты.


Сезімі бар сүйгенді бағалайды,


Қағынғандар жүзіңе де қарамайды.


Махаббаттың тереңіне түскенімде,
Жырым жүрек өз-өзін жаралайды.
Кінәлімін, көктегіні қиялдасам,


Атым өшсін, жүрекке жыр құя алмасам.


Махаббат мені қатты мазалады,
Кінәм бар ма, көздегенді сүйе алмасам.
Тағдырым, мен өзіңе өкпелеймін,


Бір бақытты басыма қия алмасаң.


Бұл сезім біздей жанды түсінбейді,


Бүгін көрсе, кеше көрген түсім дейді.
Махаббаттың балы тәтті түсінгенге,
Кешіксем, мен күтпеген кісім жейді.


Махаббатты іздейміз адассақ та,


Махаббаттың мән-жайы қас-қабақта.


Махаббат сыңарынсыз сандалтады,


Бізді біреу таппай жүр басқа жақта.


Сап-сап, көңілім, сабаңа түс, қиялдама,


Қыз-қырқынға келесің жиі алдана.
Жанымды жабырқаулы жараламай,
Тап осы қалпымда мені сүйе ала ма?


О, махаббат, сырың сенің сансыз екен,


Сен бойласаң батырың да әлсіз екен.
Жүрегіме шоқ салдың өзің келіп,


Сорлы жүрек шыдай берер жансыз ба екен?


Сен жоғалсаң, бұл өмір мәнсіз екен,


Сен жолықсаң, өмірден қамсыз өтем...
* * *
Бақыттан бәріміз де дәмеліміз,
Кері қарай оралмайды әуелгіміз.


Ойымыз алып ұшып тұрғанымен,


Бәрібір махаббатқа тәуелдіміз.


Салар едім таң атқанша ғашық әнін,
Жауындай құйып-құйып басыламын.
Несіне сезімімді жасырамын,


Мен бүгін махаббатқа асығамын.
Ғашығыма күндіз-түні асықтым,


Бәрібір де, бәрібір де қашықпын.


Махаббаттан мең-зең миым ашыды,


Емі бар ма көзсіз сүйген ғашықтың?


Махаббат сүйе алмай сорлатады,


Сезіміңді езіп кетіп қорлатады.


Адал сүйген тосып алып оңалтады,


Арам сүйген адасып жоғалтады.


Аруларға көзсіз неге ынтықтым,


Атылмастан көздеп жатқан мылтықпын.


Мамырлаған махаббатты маздатпай,
Тұңғиыққа түсіп кетіп тұншықтым.


Мұңайса махаббаттың көзі мұңды,
Таппаса, тауысады төзіміңді.


Қола жүрек жандардан қорқайын дедім,


Езіп кетер елжіреген төзіміңді.
Нәзік жандар әрқашан тұрар жанып,
Өтсем деймін өмірден сыңарланып.


Мен аңсаған махаббатым жолыққанда,


Сүйсем деймін бал тілінен құмарланып.
Ғашықтарға жұптаспаған қос қайғы,


Қос қайғыны сұм махаббат тоспайды.
Таңғаламын терісіне тағдырдың,
Өмір неге шын сүйгенді қоспайды?


Бақыт бір күн оралар құт қашпаса,


Қос көңіл құмарланып құптаспаса,


Махаббаттың мұң азабын мен айтайын,
Ғашықтық қайғы болар жұптаспаса.


Қиындыққа қарсы тұрар төзім бе еді,
Ғашық болу тым ауыр сезім бе еді?
Бал татыған бірдеңе жегім келді,


Бір қызға «сені сүйем» дегім келді.


Қоярға жер таппадым өзімді енді,
Тағдыр, маған қарап қой көзіңді ашып,


Менің де бір қозғалар кезім келді...


Бұл сезім мені тастап ұшады ма,


Махаббат, мінгіз мені ұшағыңа.
Жанымды жақтырмасаң, қинамаймын,


Қалауыңмен енейін құшағыңа.


Махаббат «өлме» дейді, «тіріл» дейді,
Жалған сүйген ешқашан тірілмейді.
Ғашығыма көздерім жолыққанда,
Өн бойым тоқ ұрғандай дірілдейді.
* * *
Ару жандар, сұлулыққа сенесіңдер,


Батырды да баурап ап жеңесіңдер.
Жүрекке қадалатын жебесіңдер,


Махаббаттың мың дәнін егесіңдер.
Жігітті ұғасыңдар, сезесіңдер,


Қиялына еріксіз енесіңдер.
Жігітке жұмбақ болар сыр тығыңдар,


Бақтарыңа ынтығыңдар, ұмтылыңдар.


Ақын – бұлбұл, қыз деген – жасыл орман,


Бізбен бірге жайқалып, құлпырыңдар.
Нәзік жандар, әдемілік шегісіңдер,


Хауа ананың із жалғар тегісіңдер.
Жанымыз ауырғанда біз іздейміз,


Ер жігіттің әрдайым емісіңдер.


Аруларды алақаннан түсірмейік,


Махаббаттың жолында кішірейік.
Ғашықтығын біз сияқты айта алмайды,
Жігіттер, қыз жүрегін түсінейік.


Қылықтарың тартымды ғой, қыздар-ай,


Қызсыз жаным қырау түсіп, мұздады-ай.


Қыз дегенің жарты жаны жігіттің,


Қызсыз өмір, күн кешеміз біз қалай?!
Талай жандар бір-бірінен үркіген,
Шөлдегенде суды аздан бүркіген.


Мұңайғанда болмашыға тырысып,


Сергігенде бойды жазып сілкінем.


Адасқандар таңға дейін жыласа,
Жарасқандар күн өткізді күлкімен.


Бағы ашпаса, «ауызғыдағы алаша»,


Бақ қашпаған «төрге тұтқан түк кілем».


Қыз жүрегі кілті мықты болғанмен,
Жақсы жігіт аша білер кілтімен.


Бойымды баурап алар иіс керек,


Аш жігітке таза мөлдір сүйіс керек.
Өмірден мен армансыз өтер едім,
Ғашығым қорғап отырса «тиіспе» деп.
Татсам деймін өмірдің тәттілігін,
Күтудемін сабақты ине сәттілігін.
Жүрегімнің сезе білсін пәктілігін,


Махаббат көрсетсінші мәрттілігін.


Бақыт, мені жетеле, құрық сал да,


Сұлу қыздан дәмелі мұжық шал да.
Махаббат дұмша дерттің дауасы екен,


Сезімнің серкесіне құлып салма.


Махаббат, бойға ендің бағып тұрмай,


Мойнымда мен күтпеген салық тұрды-ай.


Салықтың салмақтысын салдың маған,
Тек күтші көңілімді жалықтырмай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу