Өлеңдер ✍️

  11.10.2022
  392


Автор: Нұрмұхаммед Әбілқасымов

« Шабытқа» қатысарда


Кереметті көрсеттім ісімменен,


Қиналғанда сабақ ал кісің менен.


Бес күнін бейқамдықпен өткізеді,
Өмірдің өлшеулісін түсінбеген.
Тағдырдың қаңтарында қалмаса егер,


Ызғарды сезінбейді үсінбеген,


Қиналып тозақ күнді өткізгенмен,
Намысым тұғырымнан түсірмеген.
Шыдамы аз жандарға шаршағанда,


«Мені көр де өмірді түсін» дер ем.


Саралаймын, өмірді аралаймын,


Қиялдағы қанатсыз құсымменен.
Тар жерде тасты тескен бұлақтай боп,
Өлең туды бойымнан қысымменен.
Кіл мықтылар қатысар жыр додада,
«Шабытты» тақымдаймын тісімменен.
Жүрек тоңған шақта жырын жағар,
Күмбірлі күй көңілдің сырын табар.
Өлеңім шөл қандырар сары қымыз,


Сусаған жан көзінің қырын салар.
«Шабытқа» тұлпарымды сеніп қостым,


Бұйыртса, аламанның алдын алар.
«Шабытта» жағалыны жеңсем дедім,
Жырдың жалаң төсінен емсем дедім.
Мен ауырмын, салмағым нарды тартқан,
Тағдырдың тепкісінен теңселмедім,
Тарыдай шашыраған қазақ елі,


Бидайдай бүрді жарып өнсем дедім.


Бойыңды бір жылытар бескүндікте,


Алаудай лапылдап бір сөнсем дедім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу