Өлеңдер ✍️

  11.10.2022
  298


Автор: Нұрмұхаммед Әбілқасымов

Халқыма


Ақымақ ақыл ұғып па,


Бұзықтар жақын былыққа.
Тас-талқан қып өте шық,


Ақыл оймен шынық та.


Аштықта адал асқа кеп
Жақсы қолын сұғып па?


Астында алтын бар десе,


Құныққан түсер құдыққа.
Кедейге көңілім кіршіксіз,


Байларым, көзсіз құнықпа.


Бәріңе айтар ақылым


– Құдай барын ұмытпа!
Үмітсіз құдайын ұмытар


Дүниенің молында.


Ел билеген Аяз би


Ұмытпас жыртық тонын да.
Жарлының жылдық азығы


Байлардың бес күн жолында.


Ақымақ жасар ысырап,
Шашады оңды-солына.


Ысырап кері сыпырат,
Өкініп қалар соңында.
Өзіңе өзің хан заман,
Тотықұс сайрар торында.


Қуаныш қайғы құрығы


– Алланың ғана қолында.


Жарияға жар салайық,


Қиындық пен қайғыны.


Құдайын ұмытқандардың


Қайтар ма екен айбыны.


Бай мен кедей бүліксе,


Білінбей өтер бай міні.


Арам аспен тойғандардың,
Уайыммен өтсін ай-күні.
Әр мезгілді межелеп көр,


Адалдың кең тұр айдыны.
Өтірік сыймас тар тұста,
Шындықтың әр кез сай қыны.
Жалғанды жұтар жемтіктей,
Шындықтың шекер шәйімі.


Айладан өт абайлап,


Ашып тұр аузын жайыны.
Жақсы айтса ақылын,


Сүйектен өтер жәй үні.


Халқымның ойын ұққанда,


Автордың осы пайымы.
Жолым менің құмшауыт,
Жүре келе жөнделер,
Жарам менің сыздауық,
Жарылған кезде емделер.


Алған жоқпын мен қалап,


Дертті болсам, кем көрер.
Талай жандар шыдамай,


Сергелдең боп сенделер.
Тұрса тосып жүз қауіп,
Өтем сүрлеу із тауып,
Кім біздерге тең келер.


Ойды, қырды көп кезген


Ойланыңдар, пенделер...
Адалды
Алла жемейді,
Тірлікте жұртты теңейді.


Сүрініп соқыр жығылса,


Сүйеп оны, демейді.


Байларды жарып жылатса,
Жылатар қысып кедейді.
Иманы тірі жандарды,


Қиналса қорғап жебейді.
Тілімді күрмеп буғанмен,
Кеңейтті жырлы көмейді.
Өлеңнің өршіл жолында,
Өрісім шексіз кеңейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу