Өлеңдер ✍️

  06.10.2022
  258


Автор: Түрікмен поэзиясы

АЛТЫН АСЫҚ

Қалың қызыл талы бар,
Қайраңы бар,
Жары бар,
Жемтік тапса,
Жабылар
Жалақтаған аңы бар.
Қамысы бар,
Қауы бар,
Жаз жыртылып-айрылар.
Үйрегі бар,
Қазы бар
Дариянық бойында
Бір шал өмір сүріпті.
Жиһазы жоқ,
Жайы жоқ
Жеркепеде тұрыпты.
Жеркепесін талайғы
Жаңбыр тынбай сабайды.
Бірақ қарттың баласы
Тысқа күле қарайды.
Бұл да басқа баладай,
Қайтсін тысқа қарамай.
Құмар асық ойнауға
Тігіп қойып жағалай.
Сол дария бойында,
Дəнеңе жоқ ойында,
Жалғыз бала
Бір күні
Кірісті кеп ойынға.
– Көне сақам əлі оңды,
Дəлдеп соған бəлемді! –
Деп өзінше желпініп,
Атып қалды бала енді.
Тіккен көңді қоралап
Көздеуші еді оңай-ақ,
Қорғасынды сақасы
Түсті суға домалап.
Ал сақаны жаңағы
Енді қайтіп табады?
Жақындап кеп
Мұңайып,
Жағалауға қарады.
Таусылғасын амалы,
Тұнжырады қабағы.
Пайда болған сол сəтте
Көк толқынға қарады.
Жел ескендей мұртынан,
Жан шошырдай тұрқынан
Алып жайын көрінді
Жағалауға ұмтылған.
– Бала,
Саған келемін,
Патша балық мен едім.
Неге мұнша қамықтың,
Айта қойшы себебін.
Жасыра алмай сезімін,
Жасын жұтып көзінің,
Айтты бала жайынға
Өкінішін өзінің.
Бала халін байқаған,
Дарияны шайқаған
Алып жайын жарқ етіп,
Сүңгіп кетті қайтадан.
Жайын лезде жоғалып,
Келді қайта оралып:
– Күміс асық тауып ем,
Қайттым саған соны алып.
Бала асықты көре кеп,
Айтты сөзін шегелеп:
– Бұл асығың керемет,
Менікі емес,
Не керек!
– Болсын, бала, дегенің,
Тағы да іздеп көрейін.
Қорғасынды сақаңды
Тауып əкеп берейін.
Осыны айтып дəу балық,
Кетті кері айналып.
Сүңгігенде тереңге
Айдын қалды лайланып.
Жел ескендей мұртынан,
Жан шошырдай тұрқынан
Шыға келді дəу жайын
Жағалауға ұмтылған.
Толқындарды жапырып,
Жебедейін атылып,
Қорғасынды сақаны
Табыс етті ақыры.
– Мың рақмет, балығым!
– Сен сақаңды таныдың,
Бірақ күміс асықты
Қоса алсаңшы, бауырым.
– Бұл асығың керемет!
Менікі емес,
Не керек!
– Жə, қысылма,
Ала ғой,
Жолың болсын,
Бара ғой.
Бұл олжаға бағалы,
Бəрі қайран қалады.
Күміс асық туралы,
Хабар елге тарады.
Əй демеген ешкімі,
Бордақыдай кескіні
Бай баласы бір күні
Осы кепті естіді.
Шартық қарны қабақтай,
Екі беті табақтай
Бай баласы сазарды
Бұл хабарды жаратпай.
Отырмады ойланып,
Тұрды орнынан долданып.
Сондай күміс асықты
Қайтамын деп мен де алып.
Санын қолмен бір ұрып,
Қарамастан бұрылып,
Арасымен бұтаның
Кетті өзенге жүгіріп.
Аш бөрідей баланы
Бұтақ біткен сабады.
Теректердің түбірі
Аяғынан шалады.
Бөріктегі асығын
Тікті жерге асығып.
Кетпек өстіп өзінің
Бір қулығын асырып.
Есерленіп бұл енді
Лақтырғандай біреуді,
Қорғасынды сақасын
Суға атып жіберді.
Жағалауға отырып,
Жылап көрді өтірік.
Жалғыз тамшы көзінен
Түсті əрең секіріп.
– Асығы жоқ сорлымын,
Есіркейді енді кім! –
Деп өксіген болады
Бірінші рет ол бүгін.
Көк айдынды аударып,
Шыға келді дəу балық.
Берді əкеліп асығын
Иесіне зарлауық.
– Асығыңды ал мына,
Ойнап жүріп қалғыма.
Ендігі əрі жоғалтып,
Келме менің алдыма.
– Менің сақам əдемі
Күміс еді,
Жақа еді.
Менікі емес мынауың,
Соны тапшы əуелі.
– Мақұл.
Саған сенейін,
Тағы да іздеп көрейін.
Сенің күміс сақаңды
Тауып əкеп берейін.
Тұрғасын сəл ойланып,
Жарылқаушы сол балық
Жарқылдаған су жаңа
Күміс асық келді алып.
Бай баласы иіліп,
Жүзі кенет құбылып,
Созды қолын асыққа,
Аш көзімен үңіліп.
Сонда жайын сөйледі:
– Жақынырақ кел бері,
Сенікі емес секілді
Күміс асық мендегі.
Танып тұрсаң шынымен,
Берермін-ау мұны мен,
Алтын асық əлгінде
Көрдім судың түбінен.
– Əкелмедің неге оны?
Менің сақам сол еді.
Бүкіл ауыл сөзімді
Куəлап-ақ береді.
Арамдықты аңғарып,
Мазақ етті дəу балық:
– Сол асықты қалайда
Алып келем мен барып.
... Бай баласы
Балықтың
Айтқанына наныпты.
Кірпік қақпай
Жағада
Күтіпті де қалыпты.
Сол қомағай кешегі,
Бір қайтпаған меселі,
Суға қарап сарғайып
Əлі де отыр деседі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу