Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  297


Автор: Нұржан Наушабаев

ҚЫРЫҚ ТІЛЕК

Нәжатлы дүнияға бұл керегім,
Табылар бұл мысалда не керегің.
Сыр сақтап, дүния, ақирет, бәрін айттым,
Қырық тілек – он екі ауыз бұл өлеңім.
Санағы дүнияның нешеу еді,
Отызы – бұл дүнияның есебі еді.
Олардан асыл, қымбат он тілек бар,
Керегін қымбатыңның терсем енді.
Ғаламға он сегіз мың ырзық берген,
Жаппар Хақ, Жаратушым сенсің енді.
Жад айтып бір Тәңірден тілегенім,
Денсаулық, бақыт, перзент берсін енді.
Қайырлы өмір берсін нәжатпенен,
Сайран қып дүниені жүрсем енді.
Алғаным неке заттан ұя болып,
Үш жылда бір отауда көрсем енді.
Қайырлы перзент берсе, бағы болып,
Іс етіп ақылыма көнсе енді.
Күнінде көп адамды құрмет етіп,
Келгенде дос-жаранмен күлсем енді.
Белгілі, әділ болып ел ішінде,
Ықпалым елден елге жүрсем енді.
Айнала үш айшылық саудам болып,
Піркәзшік, жылында есеп берсем енді.
Айыпсыз тауфиық пен медет беріп,
Жолына ізгілердің кірсем енді.
Құдая, бергеніне сансыз шүкір,
Дүниеге тою бар ма, көрсем енді.
Өмірдің ақырында қаза болар
Шамаға сексен-тоқсан келсем енді.
Жан-тәнді қимасам да шарам бар ма,
Хақ жолын тағдыр-ажал білсем енді.
Әзалда иманымды нәсіп ойлап,
Қиналмай аманатын берсем енді.
Мал-мүлкім, әйел, жамағат мұнда қалып,
Тең құрбым, балаларым көмсе енді.
Қара жермен біткенде жүрсін енді,
Келдің бе дүние қуып дерсің енді.
Жауабын Мүңкір-Нәнкүр, бергіз, Алла,
Азаптан қабір сақтап, көрсем енді.
Құдая, сенен қорқып, жалынамын,
Кірші деп топыраққа алсаң енді.
Жатармыз балшық басып, іріп-шіріп,
Бұл сапар барса келмес, білсең енді.
Мұхамбет – расул Алла, хақ пайғамбар,
Жәрдем ет, шапағатшым сенсің енді.
Мұнда да зәредайдан жарылқанып,
Жұмақтың миуаларын терсем енді.
Тәлім ап, ізгі болып, ұқса аят,
Сауап-нұр қабіріме енсін енді.
Лә-тахнуту, мин-рахмат-олла аятымен
Үміткер рахматыңнан етсең енді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу