Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  125


Автор: Ертай Ашықбаев

ТАРИХ ПӘНІ. ТАС КІТАП

Көп жазып жүр,
Сезем мен
Жазушы да,
Ақын да...
Жеткен алыс кезеңнен
Тас кітаптар хақында.
Қара тасқа түсіріп,
Әріптерді самсаған,
Саусақтары ісініп,
Әуре болды қанша адам.
Сірә, тыным болар ма,
Шапқы менен балғаға?
Сауатсыздар
Оларға
Қарады ма таңдана?
Ол кезең — бір басқа шақ,
Бұл заманнан алшақ-ау.
Күн суықта тас қашап,
Ой, шәкірттер шаршады-ау.
Жоқ белгілі жоспар да,
Алда қанша қыс,
жаз бар?
Жоғалса егер тас,
балға
Жазалайды ұстаздар.
Тас таусылып болар ма?
Ой, шәкірттер шаршады-ау.
Бізге ұқсап
Олар да
Каникулды аңсады-ау.
Ұстаз барын қасында
Бәлкім, бір сәт ұмытты.
...Иә, сірә қай ғасырда
Шәкірт еркін жүріпті?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу