Қажылық

Қажылық (араб.: حَجّ‎ хаддж) - ислам дiнi бес негiзiнiң соңғысы. Қажылық, хаж жасау – мұсылманның бес парызының бірі. Шариғат бойынша кәмелетке толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, дәулеті жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылман ғана І парызын өтей алады. Оның парыздығы қасиеттi Құранда: «Алла үшiн Қағбаны адамдарға қажылық ету парыз» («Әли-Имран» сүресi, 97 аят), - деп ұқтырылса, хадис шарифте: «Ислам бес негiзге құрылған: Алла Тағаладан басқа тәңiр жоқ және Мұхаммед оның елшiсi деп куәлiк ету. Намаз оқу. Зекет беру. Рамазан айында толық ораза ұстау. Байтуллаға қажылыққа бару», - делiнген.

Шариғат кiтаптарында:«Бас бостандығы бар, балиғат жасына жеткен, ақыл-есi дұрыс, денi-басы сау адамға қажылыққа бару парыз делiне отырып, қажыға баратын жол қауiп-қатерсiз, оған азық-түлiгi, көлiгi немесе көлiк жалдауға қаражаты болуы керек екендiгi және үлкен сапарға аттанған кiсiнiң үйiнде қалған отбасы тарығып қалмайтындай нәпақамен қамтамасыз етiлуi де шарт», - деп көрсетiлген.

Қажылық сөздiкте - «қасиеттi жерге баруды ниет ету» дегендi бiлдiрсе, шариғатта - арнайы уақытта яғни қасиеттi рамазан айынан кейiнгi айдан бастап зүлхижжа айының 10-12 күндерiне дейiн арнайы мекенде яғни Сауд Арабиясының Мекке қаласында табылып, арнайы бекiтiлген ихрамға кiру, Кағбаны жетi айналып тәу ету, Сафа мен Маруа арасында сағий жасау, Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату сияқты амалдарды орындау деп түсiну ләзiм.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз:

Шығармашылығы мен еңбектері: